Семейлік дәстүрлі әнші 10 сағатта 100 әнді тоқтаусыз орындайды

Nur-Altay Umirzak

Ол осы әрекетімен Гиннесс рекордтар кітабына енуге ниетті

Сурет: Бейнеден кадр

Семейлік дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев толассыз 100 ән орындап Гиннесс рекордтар кітабына енуге ниетті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Жәнібек Кәрменовтың шәкірті жылдар бойы таңды таңға асырып, қазақ әндерін тоқтамай шырқап жаттыққан. Мәдениет саласының үздігі дәстүрлі ән өнерінің 5 мектебіне енетін шығармаларды түгел жатқа біледі. 

“Ата бабамыз ол кезде таңды атырып, тойдың басында отырып ән-жыр айтқан ғой. Сондықтан мен ештеңе ойдан шығарған жоқпын. Мақтанатын ештеңем жоқ. Мен қазақтың кезінде ұмытылып қалған дәстүрін жаңғыртамын. 100 әнді орындау білесіздер, 3 минуттан салғанның өзінде 7 сағат орындалады. Арасында әңгіме құратын болсақ, 10 сағатқа дейін кетіп қалуы мүмкін”, – дейді дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев.

Әнші Гиннесс рекордтар кітабына тіркелуге жолдама ретінде арнайы концерт берді.

Артынша әлемдік рекордтарды тіркейтін ұйымның өкілдігіне өтініш жолдамақ.Осылайша, ұлттық мұраның тізгінін ұстаған талант иесі төл мәдениетіміздің ерекшелігін әлемге насихаттауды көздейді.