Болат Мажағұлов өткен жылдың қыркүйек айында ұсталған
Танымал эстрада жұлдызы, әнші Мейрамбек Беспаев істі болып жатқан Болат Мажағұловты қорғап, әлеуметтік желіде бірауыз өлеңмен пікір жазып қолдау білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мейрамбек Беспаев өз жазбасында Болат Мажағұловтың өнер мен мәдениеттің қарыштап дамуына қомақты үлес қосқанын және әділ шешім шығатынына сенетінін айтты.
«Жаласына жалғанның күйе бердім,
Талқысына басымды ие бердім.
Бақытын да, қуаныш, қайғысын да,
Сүйе бергім келеді,сүйе бергім…
Болат бауырымның басына бұлт үйірілгелі біраз болды. Кімнің жолын кесіп, кімнің алдынан көлденең өттің екен? Жібі түзу дәлелі болмаса да сені әлі сүйреп жүр. Мен білікті басшы, өз ісінің маманы кім десе, сені көрсететін едім. Себебі, сен өнер мен мәдениеттің қарыштап дамуына қомақты үлес қостың. Жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешіп жүріп еңбек еттің. Бұл күндер де өтер. Бөке, бір кездері қолтығынан демеп, қасынан табылған өнер адамдары сенімен бірге. Біз бұл істің әділ шешім табатынына сенеміз. Қаратаудай қайғы арқаласа да қайыспайтын ердің ұрпағысың. Мықты бол. Жақсы күнде жадырап отыруды жазсын», – дейді әнші.
Еске салсақ, Астана қаласы мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов 2016 жылы «Күн» субұрқағын салу кезінде ақша жымқырды деген күдікпен 2024 жылдың қыркүйек айында ұсталған еді. Сондай-ақ оның мүліктеріне шектеу қойылған болатын.