Жаңа заң Түркістан қаласының өзіндік сәулет үлгісін қалыптастыруға басымдық бермек - Әзімбек Пазылбекұлы

Qaz365.kz редакциясы
Әзімбек Пазылбекұлының Facebook парақшасынан

Жақында Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл тарихи оқиға байланысты Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ерекше қуанышты әрі тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Осы күнге дейін барлық сатыларда талқылаудан өткен «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі» туралы Қазақстан Республикасының заңына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қол қойды. Осы ретте Түркістанға берілген ерекше мәртебе – бұл жай ғана ресми шешім емес, қаламыздың болашағына жасалған үлкен стратегиялық қадам деуге болады.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы қаламыздың тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи мегаполиске айналуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен жаңғыртуға, инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға жол ашады. – дейді әкім.

Айта кетейік, «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР заңы 13 баптан тұрады. Ерекше заң аясында Түркістан қаласы әкімдігі мен мәслихатына 44 қосымша құзіреттілік беріледі. Аталған заңдағы қаланың келбетіне кері әсерін тигізетін бөтен құрылыс элементтеріне жол бермеу секілді шаралар да заңның негізгі ерекшеліктерін айқындайды.

Сонымен қатар, шаһардың өзіндік сәулет үлгісін қалыптастыруға басымдық берілмек. Әсіресе, тарихи аймақты қорғау мен қала аумағындағы мәдени мұра обьектілерін сақтауда үлкен жауапкершілік жүктеледі.Қазіргі таңда Түркістанда қаланы көгалдандыру, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, тарихи орындарды жаңғырту, көлік қатынасын жақсарту бағыттарында нақты жұмыстар жүріп жатыр. Жаңа мәртебе бұл бастамаларды одан әрі жандандыруға серпін беретіні сөзсіз. Сондай-ақ, жаңа мәртебе аясында жұмыс орындарының көбеюі, халықтың әл-ауқатының артуы басты назарға алынбақ. Бұдан бөлек жәдігер қала үшін халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жаңа мүмкіндіктер ашылатынын да атап өткім келеді. Шетелдік серіктестермен байланысты нығайту арқылы мәдени-экономикалық жобаларды іске асыруды жандандыратын боламыз, - дейді Әзімбек Пазылбекұлы.

Ол Түркістанды тек туристік орталық ретінде ғана емес, өмір сүруге ыңғайлы, дамыған қала ретінде қалыптастыру – біздің басты міндетіміз деп отыр.

Жаңа мәртебе әлеуметтік жобалар мен инвестицияның көбеюіне ықпал ететініне сенім мол. Сонымен қатар, киелі қаладағы әрбір тұрғын үшін өмір сапасын жақсарту маңызды мақсатқа айналмақ. Біз Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығы ғана емес, экономикасы қуатты, экологиялық таза аймаққа айналдыруымыз керек. Ерекше мәртебе – үлкен жауапкершілік. Біз осы сенімді ақтау үшін барлық күш-жігерімізді саламыз, - дейді әкім.