Абай атындағы театр кешкі алтыдан түнгі үшке дейін корпоратив өткізіп жүр – Ринат Зайытов

Qaz365.kz редакциясы

 Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы театрға бір қойылымға 6-10 миллион теңге бөлінсе, Астанадағы балет театрына бір қойылымға 309 миллион теңге жұмсалады.

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов комитет отырысында театрлардың қазіргі мүшкіл жағдайын айтып, тіпті кешке корпоратив өткізуге жалға беріп жүргенін жеткізді, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Өңірлердегі театр ғимаратының қалпын айтпағанда, Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры ашық түрде кіреберісін кешкі корпоратив кештерге жалға береді. Ол ақша қайда кетіп жатыр? Кіммен келісім жасалып жатыр? Неге Абай театрында кешкі сағат 6-дан түнгі сағат үшке дейін жеке кештер өтеді? Қандай заңға негізделген?, - дейді Ринат Зайытов.

Депутат сондай-ақ Қазақстандағы театрлардың жеткіліксіз және әділетсіз қаржыландыруына назар аударды.

 Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы театрға бір қойылымға 6-10 миллион теңге бөлінсе, Астанадағы балет театрына бір қойылымға 309 миллион теңге жұмсалады. Сондай-ақ Алматыда демеушілер «Хан сұлтан» спектакліне 736 млн теңге бөлді, - деді ол.

Оның айтуынша, 30 жылдан астам уақыттың ішінде барлық саланы ескеріп келгенімізбен, театрға қалыпты, стандартты жағдайда қарап келдік. Осының салдарынан заңдардағы өзгерістерде театрға қатысты ешқандай ньюанстар ескерілмеген.

Қазіргі таңда Қазақстан театрлары көптеген қиындықтарға тап болып отыр. Осы себепті театрлардың негізгі қызмет бағыттарын жүйелендіру маңызды міндет. Бұл бағытта қаржыландыру, кадрлық қамтамасыз ету, материалдық-техникалық жабдықтау, білім беру процесі, сондай-ақ театр өнерін халыққа қолжетімді ету мәселелерін қамтиды, - дейді Ринат Зайытов.

Оның сөзінше, театрлардың дұрыс жұмыс істеп, дамуы үшін қаржыландыру өте маңызды.

Мәдениет министрлігінің бұйрығына сәйкес, театрдағы бір қойылым 4 млн теңге мен 12 млн теңгенің көлемінде болуы керек. Бұл мемлекеттік сатып алудың шарттарымен есептеп келгенде бір қойылымды қоюға жеткіліксіз және кедергілер тудырады. Мысалы, бір қойылым бір ай бұрын мемлекеттік сатып алуда дайындады, яғни киімі және т.б. Қойылым – бұл шығармашылық жұмыс. Қойылымға 3 күн қалғанда режиссердің фантазиясы бойынша қосымша кейіпкер, декорация да қосылуы мүмкін. Бұл мәселені қазір театрлар шеше алмай отыр, - деп айтты депутат.

Ринат Зайытов театрлар қаржы жоқтығынан жиһаз да сатып алмайтынын қоса кетті.