Түркістан халықаралық жаңа статусқа ие болды

Nur-Altay Umirzak

Қала дүниежүзілік ұйымның арнайы сертификатын иеленген

Сурет: Egemen.kz/Алмас Манап

Түркістан қаласына «Ерекше мәртебе беру» туралы Заңда қолөнершілерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. Осы Заң аясында Түркістан қаласы «World Craft Council» халықаралық ұйымының шешімімен және Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің келісімімен «Қолөнершілер қаласы» мәртебесін иеленді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі  Әзімбек Пазылбекұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

"Өткен айда «World Craft Council» халықаралық ұйымының мүшелері мен Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша вице-президенті, Үндістаннан, Түркиядан, Оңтүстік-Шығыс Азия аймағынан арнайы сарапшылар келіп, қала мүмкіндіктерін жоғары бағалап кеткен болатын. Біз де өз тарапымыздан әлемдік мүмкіндіктер ашатын «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесін алуға ниет білдіріп, өтінім жолдадық.  Бүгін Түркістан қаласы ресми түрде «Қолөнершілер қаласы» мәртебесін растайтын сертификатқа ие болды. Бүгінде қаламыздағы қолөнер саласы ұлттық дәстүрлерді сақтай отыра, заманауи үрдістермен үйлесімді дамуда. Түркістандық шеберлердің керамикалық бұйымдары әсемдігімен, нақышты өрнектерімен және жоғары сапасымен ерекшеленеді. Бұйырса алда үлкен жобалар күтуде. Түркістанымыз дамып, көркейе берсін! Тағы да құтты болсын!" – делінген әкім жазбасында.

Алдағы уақытта "Ерекше мәртебе" статусы аясында қолөнершілердің шығындарының 25%-ы субсидияланатын болды. Сондай-ақ, жақын арада Қолөнершілер орталығын пайдалануға берілу жоспарланып отыр.