Жамбыл облысында жаңа баспасөз құралының тұсауы кесілді. «Aulieata-media» серіктестігіне қарасты «Tekturmas» республикалық журналы оқырманға жол тартты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жаңа журналдың тұсаукесер салтанатты іс-шарасына ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысты.
Жиында алғаш боп сөз алған Мәлік Отарбаев қазақ баспасөзінің рөлі жөнінде сөз қозғап, журналдың жұмысына сәттілік тіледі.
Ал облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов «Тектұрмас» журналының мән-маңызына кеңірек тоқталды.
Бұл журнал – бабалар аманатына адалдықтың, бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін парасат мінберінің бірі боларына сенеміз. Журналдың мақсаты – ұлт тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, ұлттық болмыс пен заманауи ой-толғамдарды ұрпақ санасына сіңіру. Бұл бағытта еңбек етіп жатқан шығармашылық ұжымға алғысымды білдіремін. «Тектұрмас» журналы – Жамбыл өңірінің рухани тынысын кеңейтіп, ел ішіндегі дарынды қаламгерлерге, жас зерттеушілер мен өнер иелеріне жаңа мүмкіндіктер ашатын алаң. Аймақтың тарихи-мәдени келбетін кең көлемде насихаттау арқылы журнал өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады. Сонымен қатар бұл басылым – жастар мен зиялы қауым арасындағы байланысты нығайтып, бүгінгі рухани сұраныс пен тарихи сабақтастықты жалғайтын алтын көпірге айналмақ. Сондықтан «Тектұрмас» – бір өңірдің ғана емес, барша қазақ руханиятының ортақ мұрасы, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Жаңа журналдың бас редакторы болып жергілікті танымал журналист Маржан Рақай тағайындалған.
Ол 1987 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетін құқықтану мамандығы бойынша (магистратура) тәмамдаған. Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінде тілші, бөлім басшысы, жауапты хатшы болып еңбек еткен. ҚР Журналистер одағының мүшесі. Тұрмыста, 6 баласы бар.