«Ештеңе бермейді»: Ардақ Назаров Дженнифер Лопеске қарсы шықты

Qaz365.kz редакциясы

Депутат ондай концерттерді қолдамайтынын айтты

Коллаж Qaz365.kz

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Qaz365.kz тілшісіне берген жауабында Астанада өтетін Дженнифер Лопестің концерті жайлы пікір білдірді.

Qaz365.kz тілшісі Ардақ Назаровтан әлемдік поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің ел астанасында өтетін концертіне қатысты ойын сұрады.

«Сіз Мәжіліске алғаш келгенде «жастарды тәрбиелеуіміз керек» деген едіңіз. Дженнифер Лопестің концерті жастарға не береді деп ойлайсыз» деген сұрақ қойылды депутатқа.

«Бір сөзбен айтқанда, жастарға ештеңе бермейді. «Бюджетке қаржы түседі» деген желеумен мұндай концерттер жиі ұйымдастырылады. Тек Дженнифер Лопес емес, шетелдік көптеген поп-жұлдыз елге шақырылып жүр. Бірақ, менің ойымша, бұл — болашақ ұрпаққа бағытталған оң тәрбие емес», – деп жауап берді мәжілісмен.

Ардақ Назаров жастар тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың ажырамас байланысын атап өтті.

«Егер біз «жастарымызды тәрбиелейміз», «ұлттық кодты жаңғыртамыз», «болашағымыз жарқын болсын» десек, онда Димаш Құдайберген сияқты, ұлттық бағыттағы дәстүрімізді ардақтайтын, жақсылыққа жетелейтін, жастарымызға тәрбие беретін концерттердің болғанын қалаймын. Әрине, әр азаматтың өз көзқарасы бар, бірақ жеке басым ондай концерттерді қолдамаймын, өзім де бармаймын», – деді депутат.

 

Айта кетейік, әлемдік поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті 2025 жылдың 1 тамызында Astana Arena стадионында өтеді. Әнші Қазақстанды өзінің әлемдік Up All Night турнесіне қосқан. Биыл ол елімізде алғаш рет өнер көрсетпек. Концертке шамамен 15 мың шетелдік турис келеді деген жоспар бар. Сондай-ақ бюджетке 6,5 миллиард теңгеге дейін түсім күтіледі.