Ершов елді мекенінде бұрын-соңды мәдениет ошағы болмаған
Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының 85 жылдығына орай, Ершов ауылында жаңадан бой көтерген мәдениет үйі толығымен іске қосылды. Ауыл тұрғындары мерекелік шаралардың куәсі болып жүр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ершов елді мекенінде бұрын-соңды мәдениет ошағы болмаған, сондықтан бұл мыңға тарта тұрғын үшін көптен күткен ауыл қуанышы. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған нысанның құрылысына 164,5 млн теңгеден астам қаражат жұмсалып, бір жылдың ішінде салынып бітті. Құрылысқа ақтөбелік «АкваБилд» ЖШС мердігер болыпты. Ал техникалық қадағалау жүргізген – «Нұрәлем-Құрылыс» серіктестігі, авторлық қадағалауға «ПК Saulet» компаниясы жауапты. Бұдан бөлек, инженерлік желілер, блок-модульді қазандық пен абаттандыру жұмыстарына 88 млн 225 мың теңге жұмсалған. Осы жұмысты «Теплоэнергострой» ЖШС мойнына алған екен. Нысанның жалпы аумағы 600 шаршы метрге жуықтайды.
Сырты қызыл кірпіштен өрілген мәдениет сарайының іші кең, жарық. Жүз адамдық залы бар әсем ғимаратта бұдан былай маңызы жоғары іс-шаралар өткізіліп тұратын болады. Бұдан әрі бұл ел тұрғындарының игілі үшін қызмет етпек. Мәдениет үйінде бірден негізгі шаралар басталып кетті.
Ұзынкөл ауданы аймағымыздың ауыл шаруашылығы алға басқан көшбасшы өңірлерінің бірі. Қазірге дейін мұнда 266 мыңға жуық дәнді дақыл бастырылған.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауларында азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі артықшылықтарына ерекше назар аударып келе жатыр. Биыл аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 97 пайызды құрап отыр. Үш ауыл таза тіршілік нәріне қосылды, – деді Ұзынкөл ауданының әкімі Марат Жұрқабаев.
Ұзынкөл елінде Қазақстанның егемендігімен замандас шаруашылық бар. Оныі бірі Ершов ауылында орналасқан «Ершовское-2» ЖШС. Серіктестіктің директоры Сәбит Ағайдаровтың айтуынша, 34 жыл бұрын олар егістікті 11 мың гектар алқаптан бастаған екен. Алғашқыда бар болғаны 11 трактор-комбайн ғана жұмыс істепті.
Осы уақыт аралығында біз көп нәрсені еңсердік. Әрине, қиындықтар болды, бірақ жыл сайын біз күшейе түстік, тәжірибе де жинақтап келеміз. Қазір ауылдық округті қолдап, халықтың сапалы өмір сүруіне барлық жағдай жасайтын кез келді. Серіктестігіміз жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуден бастап нысанның сапасын бақылауға дейін көп көмек көрсетті, – деді Сәбит Садықұлы.
Бұдан былай мәдениет үйінде хореография, вокал қатарлы көркемөнерпаздардың сегіз үйірмесі жұмыс істемек. Ол үшін жиырма кабинет бар. Сондай-ақ мұнда кітапхана орналаспақ. Тіпті, тренажер залы, фитнес орталық пен шаштараз ашу да жоспарланған. Ал кейбір кабинеттерде шағын шеберханалардың жұмыс істеуіне жағдай жасалмақшы.
Мәдениет сарайының салынуына жергілікті халықтың да қосқан үлесі айрықша.
Осындай ошақтың салынғанына өте қуаныштымыз. Бұл ауылдың ғана емес, ауданның рухани өмірі үшін зор жаңалық. Бұрын мұндай мүмкіндік болған жоқ, ал қазір өзіміздің мәдениет орталығымыз бар. Бұл жерде ауданымыздың түрлі мәдени іс-шаралары өтетін болады. Тіпті, облысымыздың мәдениет ордаларынан келіп түрлі концерттер қойып, жиын-шаралар ұйымдастыруына болады. Ауыл азаматтарына мың да бір рахмет. Бұл – халықтың бірлескен еңбегі, ынтымақтастығының және болашаққа деген сенімінің жарқын көрінісі, – деді аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Рамазан Канапин.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.