Депутат Әшімжанов жасанды интеллект туралы заң жобасын қорғаған депутат Екатерина Смышляевадан осы бағытты жан-жақты саралаған-сараламағанын сұрады.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжанов жасанды интеллект туындыларының ешқандай авторлық иесі жоқ екенін және алдағы уақытта жалған авторлар көбейетініне алаңдап дабыл қақты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутат Әшімжанов жасанды интеллект туралы заң жобасын қорғаған депутат Екатерина Смышляевадан осы бағытты жан-жақты саралаған-сараламағанын сұрады.
«Мен осы жерде отырып ChatGPT-ге былай деп тапсырма бердім: Ерлан Саиров туралы өлең керек. Ол — депутат, саясаткер. Шығыс Қазақстанның тумасы. Олигархтармен аяусыз күресіп жатыр дедім. Жасанды интеллект маған бес шумақ өлең жазып берді.
«Сатылмас сөзге, ұранға
Депутат болып тік айтты.
Олигархтарды жығып қайтты,
Қарапайымның үні боп,
Әділдік үшін майдан ашты», - деп бір шумағын оқып берді депутат.
Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желілерде осындай мазмұндағы материалдар қаптап кеткен, бірақ олардың нақты авторы жоқ.
Қазір жасанды интеллект туындыларының ешқандай авторлық иесі жоқ. Технологиялық, коммуникациялық тұрғыдан бұл түсінікті. Алайда шығармашылық тұлғалар — ақын-жазушылар, драматургтер қаптамай ма деген ұғым-түсінік жоқ емес. Нақты осы жағын саралап көрдіңіз бе? — деп сұрады Әшімжанов.
Өз кезегінде Екатерина Смышляева халықаралық заңнаманы зерттегендерін және заң жобасында таңбалау талаптары қарастырылғанын айтты.
Иә, біз халықаралық заңнаманы зерттедік. Біздің заң жобамызда таңбалау талаптары қарастырылған. Жасанды интеллекттің қатысуымен жасалған шығармалар да бұл талапқа кіреді, бұл — халықаралық тәжірибе. Егер сіз жасанды интеллектке жай ғана өлең жазуды тапсырсаңыз, онда ол қорғалмайды. Біз авторлық құқықтарды, адам шығармашылығын қорғаймыз. Ал жасанды интеллекттің еңбегі — адамның еңбегі емес, оның шығармашылық екендігі де күмәнді. Бұл жай ғана құрал ретінде пайдаланылады, — деді Смышляева.