Артефактілердің жалпы салмағы 118 грамнан асады
Сақ дәуіріне жататын тарихи зергерлік бұйымдар еліміздің Ұлттық музейіне тапсырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті мәлімдеді.
“Бүгін Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті мен Қайтарылған активтерді басқару компаниясы өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне бірегей тарихи-мәдени құндылықтар берілді. Сақ дәуіріне жататын бұл артефактілер -ежелгі көшпелілердің шеберлігін паш ететін зергерлік өнердің озық үлгілері болып табылады. Мамандар мен сарапшылардың қорытындысына сәйкес, бұл бұйымдардың тарихи, мәдени және ғылыми маңызы өте жоғары және олар Қазақстанның ғана емес, бүкіл адамзаттың мәдени мұрасы үшін ерекше құндылық болып табылады. Зергерлік бұйымдар б.з.д. VII ғасырдан бастап б.з. III ғасырына дейінгі уақытты қамтиды және дала өркениеттеріне тән скифтердің аң стилінде жасалған. Бұл көркемдік стиль грек, парсы және көне қытай мәдениеттерінің ықпалын көрсетіп, Ұлы Даланың өзіндік эстетикасымен үйлесім тапқан. Тапсырылған артефактілер қатарында -қыранның бас бейнесіндегі металл мүсіні, араб жазуы бар сақина, мүйізді жануар бейнеленген пластина, қанатты арыстан, жылқы және барыс мүсіндері, сондай-ақ 15 монета мен шиыршық тәрізді бұйымдар бар. Бұйымдар ежелгі соғу, бедерлеу және гравюралау техникасын қолдану арқылы жасалған. Артефактілердің жалпы салмағы 118 грамнан асады. Аталған мәдени құндылықтардың қайтарылуы активтерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі болып отыр”, – делінген комитет хабарламасында.
Алдағы уақытта бұл артефактілер Қазақстанның ежелгі тарихының бірегей куәгерлері ретінде Ұлттық музейдің топтамасында орын алып, жұртшылық назарына ұсынылатын болады.