Кітапта Қытайдың мемлекеттік басқару үлгісі мен жаһандық даму мәселелеріне қатысты Си Цзиньпиннің негізгі ой-пікірлері жинақталған.
Астанадағы Назарбаев университетінде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» атты төрт томдық кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кітапта Қытайдың мемлекеттік басқару үлгісі мен жаһандық даму мәселелеріне қатысты Си Цзиньпиннің негізгі ой-пікірлері жинақталған. Қазақша аударма – Қытай мен Қазақстан арасындағы баспа және аударма саласындағы серіктестіктің маңызды нәтижесі.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ху Хэпин, ҚХР Ұлт істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Го Вэйпин, ҚХР Шетел әдебиетін басып шығару және тарату жөніндегі бас басқармасының жетекшісі Ду Чжаньюань, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы ҚХР-дың Төтенше және Өкілетті Елшісі Хан Чуньлинь қатысты.
Бұл бастама «Бір белдеу, бір жол» аясындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, бейбітшілік пен тұрақты дамуға серпін бермек.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл кітап – Қытай мемлекетінің саяси бағыт-бағдарын, ұлттық бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ұстанымдарын, сондай-ақ ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарын түсінуге ұмтылатын қазақстандық оқырмандар үшін құнды дереккөз болатынын атап өтті.
Қытай – Қазақстан үшін сенімді дос, одақтас әрі стратегиялық серіктес. Екі ел арасындағы ғасырлар бойғы достық, өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастық бүгінде барлық бағытта табысты дамып келеді.Мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы өзара түсіністік пен жоғары деңгейдегі сенім – екіжақты қарым-қатынастардың нығаюына зор ықпал етуде. Бұл кітап – Қытай мемлекетінің саяси бағыт-бағдарын, ұлттық бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ұстанымдарын, сондай-ақ ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарын түсінуге ұмтылатын қазақстандық оқырман үшін құнды дереккөз болмақ.Сонымен қатар, туынды – Қытайдың халықаралық аренадағы ұстанымдары мен рөлін саралауға мүмкіндік беретін маңызды еңбек, – деді Аида Балаева.
Кітап Қытай Халық Республикасындағы мемлекеттік басқару философиясы мен тәжірибесіне арналған. Онда ҚХР басшысының ішкі және сыртқы саясат, экономикалық және әлеуметтік даму стратегиялары жөніндегі көзқарастары қамтылған. Басылым саясаттанушыларға, халықаралық қатынастар саласының мамандарына, Азия елдерінің даму жолына қызығатын мамандарға, сондай-ақ қытай тілі, мәдениеті мен қоғамдық құрылымын зерттейтін ғалымдарға арналған.
ҚКП ОК Насихат бөлімі төрағасының орынбасары Ху Хэпин мырза Астана төрінде кездесуге мүмкіндік туғанына қуанышын білдіре отырып, кітаптың мән-маңызына тоқталды.
Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» атты жинағы – Қытайдың саяси философиясы мен жаһандық басқару тұжырымдарына терең үңілуге мүмкіндік беретін маңызды еңбек. Бұл кітап халықаралық қауымдастық үшін Қытай жолын, теориясын, жүйесін және мәдениетін түсінуге арналған терезе іспетті, - дейді спикер.
Оның айтуынша, бұл жинақ әлемнің 42 тіліне аударылып, 180-нен астам ел мен аймақта тараған. Қазақ тіліне алғаш рет 8 жыл бұрын аударылған бұл еңбек екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтуда үлкен рөл атқарып отыр.