Би қанаттанса – ел қанаттанады

Qaz365.kz редакциясы

Кез келген халықтың ұлттық би өнері секілді қазақ биінің де өзіне тән ерекшелігі бар. Қазақ биі салт-дәстүрден тамыр алған, ұлттық музыканың нақышымен біте қайнасқан қимыл-қозғалысқа толы  айрықша өнер. Қазіргі таңда өнердің басқа салалары сияқты қазақтың ұлттық биі де уақыт талабына сай өзгеріс үстінде. Дегенмен, қазақ биінің табиғи бастауын, мәні мен мағынасын, ұлт­тық нақышын сақтай отырып, заманға сай дамытуымыз керек дейді хореограф-мамандар, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазіргі көрерменді таңғалдыру, қызықтыру оңай емес. Олар үнемі жалт қарататын жаңалықты, заманауи, сәнді көріністерді қалайды. Бұл үрдіс классикалық халық биі саласында да бар. Көрермен сұранысына бейімделу керек деп санайтын өнер иелері эксперимент жасап, жүздеген жылдық тарихы бар би қимылдарына жаңа леп енгізгісі келеді, енгізіп те жүр. Осы ретте хореографтардың бір тобы «Дәстүрлі мәдениетке заманауи сарындар жат емес, біз ұлттық биді жаңаша ұсына білуіміз керек» десе, енді бір топ   «Қазақ биінің тазалығын сақтау керек. Егер қойылымда қазақ биінің негізгі элементтері болмаса, бұл ұлттық би емес. Ұлттық би мектебі – қазақ хореографиясының іргетасы» деген уәж айтады.    

 Би – сұлу өнер, ол емеурін, ишара, іс-әрекет, қимыл-қозғалыстың тілі. Би тілі дүниежүзі халықтарына ортақ. Адамның айтатын ойын би арқылы білдіруге де болады.  Уақыт өте келе адамдар биді өзінің рухани қажеттілігіне, өнердің бір түріне айналдырды. Халқымызда би өнері ертеден болғанын тарихшы-этнографтар үнемі айтып жүр. Тасқа басылған  таңбалардағы би қимылдарын бейнелеген көріністер соның дәлелі.  

Ал кәсіби  қазақ биі елімізде театр өнері пайда болған 1930 жылдармен тұспа-тұс қалыптаса бастады. Қазақ биінің дамуына әйгілі биші Шара Жиенқұлова орасан зор үлес қосты. Ол еліміздің түкпір-түкпірін аралап, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін би қимылдарын іздестірді, тапты. Осы ізденістердің арқасында әйгілі биші «Айжан қыз», «Қаражорға», «Қырық қыз» және басқа билерді сахнаға шығарды. Сондықтан да бүгінгі кәсіби қазақ биінің негізін қалаушы Шара  Жиенқұлова деп саналады.  

 Қазақ биіне қатысты мағлұматтарды, өнердің осы бір түрінің ел арасында сақталған жекелеген элементтеріне дейін тірнектеп жинап, қайта түлетуге үлкен үлес қосқан тағы бір жан – Қазақ КСР-і өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, педагог-балетмейстер Ольга Всеволодская-Голушкеевич болатын. Ол сол кездегі мәдениет министрі, көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың қолдауымен Алматы облыстық филармониясында «Алтынай» халық биі ансамблінің негізін қалап, шығармашыл ұжым ретінде қалыптастырып кетті.    

Қазіргі қазақ биі қай бағытта дамуда?

Қазіргі уақытта қазақ хореография өнері барлық жанрды қамтиды. Бұл жеке билерден бастап, балет спектакльдеріне дейінгі қойылымдар. Үлкенді-кішілі концерт залдарында, шет елдердегі мәдени күндер аясында өтетін барлық іс-шарада қазақ биі орындалады. Бұл билерді хореографтар, балетмейстерлер қояды, бишілер орындайды.  

Шара Жиенқұловадан бергі жинақталған халық биі қоржынында терең мазмұнды, көркемдік деңгейі жоғары ұлттық билер бар. Бірақ соңғы жылдары бұл үрдіс біршама саябырсып қалғаны байқалады: үлкен   сахналарда, халықаралық байқауларда «қазақ биі» деп мақтан тұта көрсететіндей қойылымдар саусақпен санарлық. Бұның себебін балетмейстер, былтыр құрылған «Бірлік» ән-би ансамблінің хореограф-режиссері болған кәсіби маман Жаңатай Қожабектен сұраған едік.    

 Ұлттық би білім беру бағдарламасынан басталады. Елімізде  кәсіби балет бишілерін Алматыдағы А.Селезнев атындағы хореография колледжі және Астанадағы Қазақ ұлттық хореография академиясы   даярлайды. Колледжде халық биі бөлімінде оқитын шәкірттер классикалық балет бөлімінің бағдарламасымен оқып жүр және апталық  сағат саны аз. Бұл би ансамбльдерінің талабына сәйкес келмейді, олар ұлттық биді орындағанда қиналады. Сондықтан халық биі жеке бағдарламамен оқытылуы керек. Тағы бір айтарым, колледж бен академия түлектері дипломдарын алған соң міндетті түрде би ансамбльдерінде бірнеше жыл жұмыс істеуге тиіс. Содан кейін ғана магистратураға, докторантураға тапсырса болады. Әйтпесе сахнада бір күн билемеген хореограф-оқытушы оқушылар мен студенттерге қандай сапалы білім бермек, не үйретпек? Оқытушыларда тәжірибе болуы өте маңызды, – дейді Жаңатай Қожабек.     

Хореографтың айтуынша, көрші өзбек елінде халық биі аптасына 4 сағат оқытылады, бізде 2 сағат. Бұдан оқушылар ештеңе үйреніп үлгермейді, одан жақсы биші шықпайды. Халық биі сабағы аптасына кем дегенде төрт рет болуы керек.

Теория мен тәжірибе үйлескенде ғана өнер дамиды. Әйтпесе кәсіби ансамбльдің көркемөнерпаздар үйірмесінен айырмашылығы болмайды. Осындай кемшіліктердің салдарынан халықтың дәстүрлі өнерінен білетіні шамалы шалағай «балетмейстерлер» арагідік кездесіп қалады. Олар бидің берекесін кетіреді, өзге ұлттардан плагиат жасап, ұятқа қалдырады. Оларға жол бермеу үшін ұлттық би ансамбльдеріне қойылатын талап жоғары болуға тиіс, – дейді хореограф Жаңатай Қожабек.

Би – музыканың сүйемелдеуімен орындалатын өнер. Кезінде мемлекеттік би ансамбльдерінің өз оркестрі болған. Қазір ондай мүмкіндіктің болмауына байланысты би ұжымдары көбінесе фонограмма көмегімен билейді. Биге арнап музыка жазу, оркестрге түсіру қаражатты, арнайы көңіл бөлуді қажет етеді, еліміздегі би ұжымдарының қызметіндегі кедергінің бірі осы.  

Мәселен, Ресейдің атақты И.Мойсеев атындағы Мемлекеттік  академиялық халық би ансамблінің жеке симфониялық оркестрі бар, олар халық әуендерін әрлеп, биге бейімдейді. Бұл ансамбль классикалық биді фольклормен шебер үйлестіріп, халықтық-сахналық би жанрының шыңына жеткен бірегей ұжым екені көпшілікке мәлім.  

Қазақ биі де фолькормен тығыз байланысты. «Қазақша билеу – көбіне топтасып ән салумен, өз қызығы өзімен өтіп жататын әртүрлі кәде-жоралғылармен, халық ойындарымен біте қайнасқан, еңбек қимылдарына, еліктеуге, ауызба-ауыз айтылатын әзіл-оспаққа негізделген халық мұрасы. Ал, өзімізге танымал қазақ билерінен халықтың өткендегі өмір салтын, істеген кәсібін, ұшқыр қиялын, жүгіртпек ойын аңғарамыз. «Би қанаттанса – ел қанаттанады» деп жазыпты этнограф Өзбекәлі Жәнібеков.  

Тиісінше, қазақ  биін қоятын хореографтар ұлт тарихынан, мәдениетінен хабардар болуға тиіс. Дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре  білетін мамандардың арасында жастар да бар. Мысалы «Астана-балет» театрында талантты жас хореограф Сұлтанбек Ғұмар сәтті билер қойып жүр. Сұлтанбектің А.Райымқұлованың музыкасына жазған «Мәңгүрт» миниатюрасы ресейлік балет сыншыларының жоғары бағасына ие болды. Жас хореографтың ізденістеріне отандық мамандар да риза. 

«Birlik» – би өнеріндегі жаңа белес   

 – Жаңатай Имашұлы, сіз кәсіби хореограф, балетмейстерсіз.  Жуырда сахнаға шыққан «Birlik» ансамблін құрудың басы-қасында  болдыңыз. Бұл ансамбльдің ерекшелігі неде? Репертуары қандай?     

– Қазақстандағы тұңғыш көп ұлтты «Birlik» ән-би ансамблі 2024 жылдың 1 наурызында Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының құрамында құрылды. Бұл біздің көптен бері күткен ансамбліміз.  Ұжым құрамына кастинг арқылы іріктелген 20 үздік биші мен музыкант енді. Сол жылы алғаш рет Астанада Наурыз мейрамындағы концертте өнер көрсетіп, тұсауы кесілді. «Birlik» ән-би ансамблі дәстүрлі музыка мен биді дәріптеу, көп ұлтты еліміздің мәдени байлығын көрсету және насихаттау мақсатында құрылды.  Репертуарда әлем халықтарының билері, «Қамшыгер», «Жігер», «Күй шашу» және басқа хореографиялық композициялар бар. Ансамбльде әр халықтың биін сол ұлттың өзінен шыққан кәсіби хореограф қойды, сондықтан да бұл сахналық қойылымдардың сапасы мен мән-мазмұны ерекше.   

 Ансамбльдің өз оркестрі бар ма? Музыкалық сүйемелдеу жағы қалай?

–  «Birlik» ән-би ансамблінің репертуарындағы барлық бидің музыкасы арнайы жазылды. Алдағы уақытта ұжымның өз әншілері, фольклорлық ансамблі болады деген сенімдеміз. Біздің елімізде де И.Мойсеев оркестріндей атақты би ұжымы, әлем сахналарында мақтанышпен көрсететін би композициялары болатын уақыт келді.   

Әйтсе де хореограф ұлттық биді шеңберге салып тастауға   болмайтынын айтады: «Жастардың заманға сай қимыл-қозғалыстарды енгізгені дұрыс. Қазір бидің ырғағы өзгерді, жылдамдады. Әр нәрседен үрке берсек биді қалай дәріптейміз? Балетмейстерлер көп ізденуі керек.  Олай болмаса алға жылжымайды, бір орында тұрып қалады. Қазір тіпті биге акробатика элементтері де араласып жатыр, бишілер сахнада билейді де, секіреді де. Ал қазақ биінің тазалығын сақтаймыз десек, бауырлас түркі халықтарынан  ұрланған билерді үлкен сахнаға шығармауымыз керек, ондай хореографсымақтар мен бишілерді байқауларға да жолатпау керек. Қазақ биіндегі ер адамдардың қимылы ерлерге ғана тән, осыны да есте ұстасақ», – дейді Ж.Қожабек.      

Кәсіби хореограф айтқандай, қазақ биінің дамуы, әлемге танылуы үшін теориялық білімі мен тәжірибесі ұштасқан бишілер, ұлттық мазмұнға толы музыкалық шығармалар мен би қойылымдары, шәкіртке сапалы білім беретін ұстаздар мен оқу орындары үйлесім тапқан жүйе болуға тиіс. Мемлекеттік би ансамбльдерінің өз оркестрі болуы шарт.