Әдеби байқаулар әдебиеттің дамуына әсер ете ме?

Qaz365.kz редакциясы
Әлеуметтік желіден

Әдебиет –  өзге салаларға қарағанда нарықтық қатынастарға өте баяу бейімделіп келе жатқан сала. Оны қаламгер қауымның қаламақы мәселесін, кітап таралымының аздығын жиі сөз етуінен байқауға болады. Бұл мәселе еліміз тәуелсіздік алғалы бері сөз болып келе жатқаны көзі қарақты қауымға белгілі. Мемлекет мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың авторларына қаламақы береді. Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару тәртібі егжей-тегжейлі түрлі басылымдарда жазылып, айтылып жүр. Оның бірі биыл наурыз айында «Түркістан» газетінде жарияланды.

Еліміздегі қаламгерлердің ендігі табыс көзінің бірі – әдеби байқаулар. Ондай байқаулар кейінгі жылдары көп жарияланып жүр.

2022 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тұңғыш рет (сол жылы министрлік осылай аталған) «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына байқау жариялады. «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Үздік кітап дизайны» аталымдары бойынша үздік деп танылғандарға 5 миллион теңгеден ақшалай сыйлық  беріліп, олардың еңбектері 500 данамен жарық көретін болды.  

2024 жылы бұл сыйлыққа 7 номинация бойынша 176 шығарма авторы өтінім берген екен. «Үздік проза» – 57, «Үздік поэзия» – 37, «Үздік драматургия» – 16, «Үздік әдеби сын» – 13, «Үздік әдеби аударма» – 14, «Үздік балалар әдебиеті» – 31 және «Үздік комикс» – 8.

Мәдениет және ақпарат министрлігі бұдан бөлек жас қаламгерлер арасында Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға арналған әдебиет саласындағы «Дарын» сыйлығы секілді арнайы сыйлықтар мен байқаулар ұйымдастырып келеді.

Жалпы әдебиетті дамыту мақсатында мемлекет жазушыларға қаламақы беруден бөлек түрлі әдеби байқаулар да ұйымдастырады. Мұндай байқауларды министрлік қана емес, түрлі жекеменшік ұйымдар мен облыстық, аудандық әкімдіктер де ара-кідік ұйымдастырады. Ол кейде   айтулы даталарға немесе өмірден өткен белгілі қаламгерлердің мерейтойына байланысты жарияланады.

2009 жылы қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген Қуат Домбай, Досым Сатпаев, Кенже Жұманұлы, Расул Жұмалы және Айдос Сарым сынды азаматтардың бастауымен қолға алынып, 2010 жылдан бастап түрлі ұйымдардың демеушілігімен беріліп келе жатқан «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби байқауы,  «Freedom Шапағат» корпоративтік фондының Freedom Holding Corp. компаниялар тобының еншілес ұйымдарының эксклюзивті демеуіндегі Mecenat.kz роман байқауы қазір қаламгерлер мен әдебиет сүйер қауымға жақсы таныс. Балалар әдебиетіне арналған халықаралық «Дарабоз» байқауы да 2006 жылдан бері «ZHERSU» корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен қолға алынып, қаламгерлер арасында кең танылды. Дарабоз 2017 жылы «Алтын қалам» жүлдесі аясында өтті.

Мұндай әдеби байқаулар әдебиеттің дамуына қаншалықты ықпал етеді? Шынында ол қаламгерді ынталандыра ма? Qaz365.kz тілшіcі осы төңіректе әдеби шығармалар байқауын ұйымдастырушылар мен қаламгер қауымның пікірін біліп көрді.

Бейбіт САРЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, жазушы, «Жас қалам-жаңа роман» жобасының идея авторы, үйлестірушісі:

«Жас қалам – жаңа роман» жобасы әдебиеттің дамуына ықпал етті дейтіндей жүйелі түрде жүзеге асатын мемлекеттік бағдарлама емес. Дегенмен, шағын жоба болса да, үш бірдей романның жазылуына себеп болды және ол үш романның үшеуі де осал болған жоқ. Бұл жобаға  дейін де талай романдар жазылып, жарық көріп жатты. Бірақ осы үш роман секілді қоғамда, әдеби-мәдени өмірімізде жаңалық болғаны кем де кем.

Әсіресе, Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы тың жаңалық болды. Көп жақсы пікірлер мен игі әңгімелерге арқау болды. Сауатты сындар да жазылды. Дәл сондай пікірді Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы туралы да айтуға болады. Оның да шығармасы, қаламгерлер мен оқырмандар тарапынан көп оқылып, көп талқыланды. Қанаттың кітабы үш қайтара, Мақсаттың кітабы екінші қайтара басылды. Әлібектің қолына ұстатқан бес жүз кітабы да таусылған дейді, «Мұтылған» туралы да жақсы пікірлер айтылды, кәсіби әдебиеттанушылар талдап мақала жазды. 

Мұның барлығы романдардың бүгінгі қоғамның, бүгінгі оқырманның талабынан, талғамынан шығатын шығарма екенін көрсетіп тұр.

Осы тұрғыдан алғанда, «Жас қалам-жаңа роман» жобасы әдебиеттің алға жылжуына аз-кем ықпал етті деп айтуға болады.

Ал жалпы алғанда әдеби байқаулар әдебиеттің ілгері жылжуына міндетті түрде ықпал етеді.  Осы кезді ғана айтпай, өткен күнге де бір оралып, сол күндерді мысалға алып көрейікші.

Осыдан біраз жыл бұрын Жазушылар одағының ұйымдастыруымен,  Басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин  болған жылдары  «ZHERSU» корпорациясының басшысы Бауыржан Оспанов демеушілік жасап, «Дарабоз»  атты Халықаралық конкурс басталған. Сол «Дарабоз» конкурсының арқасында балалар әдебиетіне қаншама жақсы, керемет-керемет шығармалар қосылды,    қаншама жас таланттың жұлдызы жанды, қанша оқырман қалыптасты. Егер «Дарабоз» бәйгесі болмағанда, сол дүниелер жазылар ма еді, жазылмас па еді?.. Әр жылда жүлде алған шығармалар жинақ-кітап болып жыл сайын жарық көріп отырды. Ал жүлде алмаған шығармалар қаншама! Олардың барлығы да, жүлде алмай қалды екен деп, жыртылып тасталған жоқ, өртеніп кеткен жоқ. Олардың барлығы да сол авторлардың игілігіне айналды, кейін кітаптарына енді, газет-журналдарда жарияланды.

Жазушылар одағында әдебиетті дамытуға арналған бұдан өзге де ауқымды жобалар бар. Басқасын айтпаған күннің өзінде, былтыр Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлескен  «Стратегиялық әріптeстік» орнату бойынша үш жаңа жоба жүзге асырдық. Оның бірі «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы негізінде жас қаламгерлер еліміздің әр өңіріне барып, сол өлкенің тарихымен, мәдениетімен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, он баспа табақ көлемінде шығарма жазып өткізді.  Жыл соңына дейін қазақ әдебиетіне 20 жаңа туынды қосылып, әр жас қаламгер 4 млн теңге көлемінде қаламақы алды. Осы жоба аясында жас қаламгерлерге арналған «Жазушылардың шеберлік мектебі» ұйымдастырылып, отандық және шетелдік беделді қаламгерлердің дәрістері мен шеберлік сыныптары өтті.  

Қазақстан Жазушылар одағында мұндай жобалар баршылық. Мен айтқан «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» биыл да жалғасады. Жоспарға сай жұмыс жүзеге асса оның да игі әсері болары анық. 

Әдеби байқаулардың ішіндегі жүлде қоры қомақтысы ( Қазақстан туралы ең үздік роман байқауының жеңімпазы өмір бойы ай сайын төленетін 500 АҚШ долларын ұтып алады) «Mecenat.kz» роман байқауы. «Mecenat.kz» ресми сайтында бұл байқаудың «мақсаты – Қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, халықтың оқуға деген ынтасын арттыру, жазушылардың кәсіби тұрғыда жетілуіне қолдау көрсету, олардың шығармаларын әлемдік  кітап нарығына шығару», – деп жазылған.

 Гүлсім РЗАБАЕВА,  Mecenat.kz менеджері:

Қазақстанда талантты адамдар өте көп бола тұра  мықты шығармалар жетіспейді. Мемлекеттік және ресми тілде де осы жағдай. Біз – ешкімге ұқсамайтын, өзіндік көзқарасы бар бірегей халықпыз. Біздің көне тарихымыз бар. Қазіргі таңда кино, музыка, мәдениет және ғылым саласында көптеген жарық жұлдыздарымыз бар. Біздің болашағымыз зор.

Дейтұрғанмен,  «Абай жолы» романының сюжеті шамамен ХХ ғасырдың басында аяқталады. Келесі 120 жыл бойы сөйлемдері қанатты сөзге, ал кейіпкерлері әлемге танымал болатындай шығарма кең таралып, танылмады. Біздің байқаудың мақсаты осы олқылықтың орнын толтыру. 

Бұл әдеби байқауға жаңа кәмелет жасқа толған 18 жастағы жігіт-қыздар да,   80 жастағы қария да қатысып, жеңімпаз атануы мүмкін. Астананың орталығының немесе шалғай жатқан ауыл тұрғыны да жеңімпаз атана алады, тек Қазақстанның төлқұжаты болса болғаны. 

Байқаудың мақсаты – халықтың санасын оятатын, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді бүкіл әлемге танытатын жазушы-романистерді анықтап, оларға   күнделікті тұрмысын ойламай, тек жазуға жағдай жасап беріп, қазіргі қазақстандық әдебиеттегі қоғамдық мұраттарды анықтау, әдеби шығармашылықты ынталандыру, мәдени дамудың жаңа векторларын, мәдениетаралық ықпалдастықтың жаңа бағыттарын іздестіру арқылы Қазақстандық әдебиетті дамыту және әлемдік әдеби кеңістікке шығару.

Осы уақытқа дейін үш шығарма жүлде алды. 2024 жылғы жүлдегер шығарма Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романы орыс және ағылшын тілдерінен бөлек, түрік тіліне аударылып, Түркияның Анкара қаласында таныстырылды. Осы байқаудан жүлде алған шығармалар негізінде жазылған бірнеше сценарий фильм түсіру үшін қарастырылып жатыр. Оның нәтижесі туралы кейінірек баспасөзге хабарлаймыз.  

Байқау ережесі тұрақты, барлық қаламгерге ортақ. Оған ауылдағы механизатор да, үй шаруасындағы әйел де қатыса алады. Біз қазір ел ішін түгел аралап байқау туралы түсіндіріп жүрміз. Жылдан жылға байқауға келген шығармалардың сапасы артып келеді. Алғаш бізге 62 үміткер қатысып еді, биыл 21 үміткер ғана қатысты. Шығармалар жылдан-жылға пісіп-жетіліп, қаламгерлер арасындағы бәсеке де артып келеді.

Біздің байқаудың төртінші маусымы аяқталды. Осы жылдар ішінде   шығарма талқыға жастардың көп қатысатынын анық байқадық. Дауыс беруде де, әсіресе, жастар белсенді. Жастар біздің болашағымыз десек, бұл әдебиеттің болашағынан едәуір жақсы хабар беретін секілді.