Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Қазақстанның әрбір облысы Абай облысына бір-бір нысаннан салып береді
Биыл Қазақстанның әрбір облысы Абай облысына бір-бір нысаннан салып береді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ұлы ақынның тойына орай басталған бүгінгі республикалық айтыстың алдында облыс әкімі Берік Уәли осыған орай тілектес болып отырған облыстардың басшыларына алғысын білдірді.
Мен сіздерге бір тарихи шындықты айтайын. Семей қаласында 1981 жылдан бері біздің қаламызда жаңа мәдени ошақ салынбаған екен. 1981 жылы салынған ғимарат – осы Абай театры. Содан бері 44 жыл бойы біздің облысымызда бірде-бір мәдени ошақ салынбапты. Президенттің “Абайға құрмет” акциясы осы олқылықтың орнын толтырар деген үміттеміз, – дейді Берік Уәли.
"Адамзаттың Абайы" республикалық ақындар айтысына Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан сияқты «Алтын домбыра» иегерлері қатысады. Айтыстың бас бәйгесіне автокөлік тігіліп отыр.
Qaz365.kz порталының ресми сауалына берген жауабында Абайдың 180 жылдығына орай еліміздің әр өңірі облысқа бір нысаннан салып береді. Маңғыстау Достық үйін, Шымкент шығармашылық орталық, Түркістан көрме орталығын, Астана келешек мектебін, Ақтөбе жекпе жек орталығы, Павлодар облысы Үстел теннис орталығын салуды, Шығыс Қазақстан Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр.
Облыстың алдағы жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Семейде 75 мың тұрғынға арналған «Semey Smart City» шағын ауданын салу көзделген. Мың гектардан астам аумақты қамтитын ықшам ауданда тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар, саябақтар бой көтереді.
Абайдың 180 жылдығы
Биыл Абай облысында ұлы ақынның 180 жылдығы аталып өтеді. Үлкен той 1 тамызда басталған. Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Abai akademiasy» атты энциклопедиялық порталдың тұсаукесерінен басталды. Ақын шығармашылығына арналған тұңғыш энциклопедиялық порталдың таныстырылымына облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар қатысты. Ауқымды іс-шара аясында айтыс, концерт, Абай оқулары, спорт сайыстары ұйымдастырылады. Ұлы ақынның 180 жылдығы 10 күн бойы тойланады.