Қазақстан мен Қытай Елшілігі Астанада тарихи фотокөрме өткізді
Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі мен Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Астанадағы Әскери-тарихи музейде Қытай халқының Жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы Жеңісінің және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған фотокөрме өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Фотокөрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық қорғаныс академиясының бастығы, генерал-майор Асқар Мұстабеков, тарихшылар мен көрмеге қызыққан астаналықтар қатысты. ҚХР Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі мен ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары құттықтау сөз сөйледі.
“Құрметті, ханымдар мен мырзалар, осы фотокөрменің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ұлттық тәуелсіздік және әлемдік бейбітшілік үшін көрмесіне жалпы жиыны 125 сурет қойылды. Фотосуреттерде Қытай коммунистік партиясының басшылығымен Қытай әлемде ең алғаш болып фашизмге қарсы соғыстың отын тұтатты. 14 жылға созылған ауыр шайқастардан кейін бүкіл халықтың қаһармандық күресі арқылы ұлы Жеңіске қол жеткізілді. Біз бұл ұлы Жеңісті еске алу арқылы өшпенділікті жаңғыртуды емес, тарихтан сабақ алып, болашаққа сеніммен қарауды көздейміз. Екіншідүниежүзілік соғыстың ауыр тағылымы бір елдің үстемдігін мақсат тұтатын гегемониядан, әлсізді күшті жұтатын заңдылықтың ешқашан қайта жаңғырмауы керек екенін үйретеді. Бейбітшілікті қастарлейтін күллі әлем халқы қанмен және жанмен жасалған тарихты еске сақтап, шынайы көпжақтылық қағидатын берік ұстанып, тарих пен адамзат дамуының оң жағында тайсалмай тұрып, адамзаттың әл-ауқаты мен тыныштығын, жарқын болашағын құру үшін бірлесіп жұмыс істеуі керек”, — деді Елші.
Генерал-майор Асқар Мұстабеков өз кезегінде Қытай мен Қазақстан халықтарының фашизмге қарсы соғыстағы ортақ тарихына тоқталды. Оның айтуынша, 1937 жылдан бастап Қытай халқы басқыншыларға қарсы жанқиярлықпен күрескен. Сегіз жылға созылған соғыс миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған. Халықтың табандылығы мен қаһармандығы жапон милитаризмінің тоқтатуына ықпал етіп, Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңісіне үлес қосқан.
“Бұл тек Қытай халқының ғана емес, күллі әлем үшін бейбітшіліктің салтанаты мен әділеттіліктің жеңісін білдіретін маңызды тарихи оқиға болып табылады. Бұл соғыс 8 жылға созылып, миллиондаған адамның өмірін алып кетті. Сол тарихта Кеңес Одағының құрамында біздің жерлестеріміз Қиыр Шығыс майданына аттанып, мыңдаған қазақстандық сарбаз 1945 жылғы тамыздағы Маньчжурия операциясына қатысты. Олар Жапон Квантун армиясын талқандауға қатысып, Азиядағы соғысты аяқтауға үлкен үлесін қосты”, — деді генерал-майор.
Аталмыш фотокөрме аясында 100-ден аса сирек тарихи сурет пен мұрағаттық құжат қойылған. Бұл құнды материалдар Қытай халқының басқыншылыққа қатысты күресте және дүниежүзілік антифашистік соғыста жасаған зор ерлігін жан-жақты бейнелейді. Көрме өткенге көз жүгірту ғана емес, сонымен қатар рухани жаңғыру болып табылады. Қытай мен Жапония арасындағы соғыс Екінші дүниежүзілік соғыстың маңызды әрі ең қанды кезеңдерінің бірі саналады. 1937 жылы олар Қытай аумағына басып кіріп, ұзаққа созылған қырғын соғыстың басталуына себеп болды. Бұл соғыс тарихта «Қытай халқының Жапон басқыншыларына қарсы соғысы» деген атпен белгілі. Қытай әскері мен халқы ауыр шығынға қарамастан, ұзақ уақыт бойы қарсылық көрсетті.
Қытай халқының күресі халықаралық қолдауға ие болды. 1941 жылдан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстың майдандары кеңейіп, Қытай АҚШ, КСРО және Ұлыбритания сияқты одақтас мемлекеттердің бір бөлігіне айналды. Бұл елдер Қытайға әскери әрі материалдық көмек көрсетіп, басқыншыларға қарсы соғыстың нәтижелі жүруіне ықпал етті.
Ақыры 1945 жылы толығымен соғыс аяқталды. Қытай халқының табандылығы мен құрбандығы Екінші дүниежүзілік соғыстағы ортақ жеңістің маңызды бөлігі болды. Бұл күрес Қытайдың ұлттық бірлігі мен егемендігі жолындағы шешуші тарихи кезең ретінде тарихта қалды.