Qaz365.kz бұдан бұрын «Әдеби байқаулар әдебиеттің дамуына әсер ете ме?» деген тақырыпта мақала жариялаған еді. Әдеби байқау ұйымдастырушы мекеме өкілдерінің пікірі мен қаламгерлердің ойы сай келер ме екен? Бұл туралы қаламгерлер не дейді. Тілшілеріміз қаламгерлердің ойын білу үшін сауал тастады.
Ділдар МАМЫРБАЕВА, балалар жазушысы:
Жеңімпаз шығармалар баспасөзге жарияланса...
Әдеби байқаудың түпкі мақсаты – жаңа есімдерді іздеу, әдебиетке жаңа тақырып әкелу, жазушыны ынталандыру болу керек. Осының барлығы бірде баяу, бірде қарқынды, бірде әділ, бірде әділетсіз өтсе де, жалпы алғанда әдебиеттің дамуына, әдеби процестің қарқын алуына себеп болады. Балалар әдебиеті бойынша айтсам, «Дарабоз» байқауы осы міндеттерді толықтай орындады дер едім. Алайда, байқаудан жүлде алған шығармалармен оқырман көбіне толық таныса алмай қалады. Себебі жеңімпаз шығармалар жинақ болып жарық көргенмен, таралымы тым аз болады. Кейде тіпті жинақ ретінде шықпай қалатын жағдайлар да жоқ емес. Байқауға дейін жарнама жасалады, пәлен деген автордың, түген деген шығармасы үздік деп танылды, деген ақпарат кең тарайды. Алғашқы бір-екі күн гу-гу әңгімеге арқау болған жаңалықтың лебі басылғаннан соң, әлгі шығарманы ешкім іздемейді. Қазір электронды нұсқаға көштік дегенімізбен, жүлде алған шығармаларды ешқандай сайт, ешқандай басылымның веб-сайты жарияламайды. Тек білетінім, «Заң» газеті жариялайтын детектив шығармалар байқауына жолданған шығармалар газетке де, сайтқа да шығады.
Әдеби шығарма оқырманның талғамына қарай бағаланатыны жасырын емес, 100 оқырман болса, 100 түрлі талғам бар. Ал ол кейде ақын-жазушылар ұстанатын көркемдік талаптарға сай келе бермейді. Дейтұрғанмен, жүлде алған шығармалар баспасөз бетіне басылып, сайттар жариялап, шығарма автордың танымал, танымал еместігіне қарамай талдануы керек.
Кейде бір айда үш байқау өтсе, осы үш байқауда да бір адамдар жеңімпаз болып жүреді. Бір шығарманың тақырыбы мен алғашқы азат жолын өзгертіп қатысып, жүлде алып кететіндер де бар. Бұл енді «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» мәдениетінің әлі де қалыптаса қоймағандығының нышаны.
Байқау жарияланып, жүлдегер анықталып, қаламгерге шабыт бергенмен шығарманың оқырманға жетуі әлі де түйіні көп мәселе болып тұр.
Есболат АЙДАБОСЫН, жазушы, «Janr» әдеби клубының президенті
Әдеби байқаулардың механизмі жетілсе...
Әлбетте, әдеби байқаулар әдебиеттің дамуына оң ықпал етеді, өйткені бірінші кезекте ол қаламгерді қаржылық тұрғыда ынталандырады , шабыт береді. Екінші кезекте, әсіресе, жаңадан жазып жүрген қаламгерлердің өзіне деген сенімін арттырады, танылуына, әдеби ортаға қосылуына мүмкіндік береді. Мұның барлығы жиылып келіп әдеби процестің дамуына сөзсіз ықпал етеді. Өзім де ең алғаш жазып жүрген кезде «Алтын қалам» бәйгесіне қатысқан болатынмын, сол кезде «Сүлікқара» деген әңгімемді «Тайжарыс» деген атпен жібергенмін, шорт-листке ілінді. Сәкен Сыбанбай т.б. белгілі қаламгерлердің шығармаларымен қатар, төрт шығарманың бірі болып тұрғаны, сол кезде мен үшін кәдімгідей жетістік болып көрінген. Қалыптасып, аты танылып қалған қаламгерлермен қатар тұрғанымды көргенде «Менің де қолымнан бірдеңе келеді екен-ау!..», «Тағы да жазуым керек!» деген ой туды, өзімді-өзім қамшылауыма түрткі болды. Сондықтан әдеби байқаулар керек. Бірақ олардың механизмін жетілдіру керек деген ойдамын. Мәселен, байқаулардың кейбірінің қорытындысын халық беретін дауысқа байлап қойған. Меніңше, ол дұрыс емес, өйткені соңғы жылдары «WhatsApp» желісі арқылы дауыс сұрау, ағайын-туысты жұмылдыру, одан қалса қаламгерді бір өңір тұтас қолдап, жершілдікке, топшылдыққа, рушылдыққа қарай тартып, шығармалар әділ бағаланбайтын жайттар қайталанып жүр. Бұл – жеңімпазды дауыс беру арқылы анықтаудың кемшін тұсы. Бейтарап дауыс беруге, авторды емес, таза шығарманы ғана бағалауға біздің қоғам әлі дайын емес секілді. Соңғы болып жатқан үрдістер соны көрсетіп тұр. Негізі әр нәрсенің бағасын сол саланың маманы береді. Әдебиеттанушы-ғалымдар, әдебиет сыншылары, әдеби танымы жоғары қаламгерлерден қазылар алқасын жасақтауға болады. Бірақ, мұнда да назар аударатын бір кілтипан, қазылар алқасының кейбір мүшелері шығармаларды оқымай, автордың танымалдылығына қарай дауыс бере салады. Ондай кезде танымал емес авторлардың шығармалары оқылмай қалуы әбден мүмкін. Ұйымдастырушылар қазылар алқасына қомақты қаламақы жазса, әр шығарманы мұқият оқу керек деген талап қоя алады. Қазылар алқасы шығарманы оқыған соң, ең болмаса шорт-листке ілінгендерге шамамен екі беттік рецензия жазып, оның несімен озық екенін талдап берсе. Байқау біткен соң жазылған рецензиялар жарияланса, рецензиялардың негізінде бір тізім жасап, оны әлеуметтік желіге шығарса болады. Сол кезде халық қай шығарма, не үшін озық шыққанын, қай шығарма кемшін түскенін біле алады. Бұл негізі жақсы пікірталастың туындауына себепкер болар еді.
Қазір бізде әдеби байқаулар жиі өтеді, жеңімпаздары анықталады, автор мен шығарманың аты ғана жарияланады. Жеңімпаз шығарма өте сирек жарияланады. Жеңімпаздар несімен озық болғаны, қанша шығармадан үздік деп танылғаны беймәлім күйі қалады. Егер қазылардың әрқайсысында рецензия жазатындай мүмкіндік болса онда көпшілік олардың қай шығармаға не үшін дауыс бергенін анық білер еді. Біреу қазының пікірімен келісер, келіспес бірақ одан қорқудың қажеті жоқ, керісінше, ол әдеби процесске қан жүгіртіп, конструктивті пікір-талас тудырар еді.
Жалпы әдеби байқаулардың көп болғаны және оның жүлде қорының қомақты болғаны әдебиетті алға жылжытады. Бізде қазақ күресі неге дамып кетті, өйткені «Қазақстан барысы» деген жоба қолға алынып, оның жеңімпазына пәтер, 20 000 000 теңгенің үстінде сыйақы берілді. Осыдан шабыт алған басқа күреспен айналасып жүрген жігіттер қазақ күресіне ден қойды. Ынталандыру болды, қазақ күресінен кеткен жігіттер қайта оралды. Мұндай ынталандыру әр салаға жан бітіреді, сондықтан әдеби байқаулардың көп болғаны қаламгерлерге ғана емес, оқитын ұлт болу үшін біздің қоғамға керек.
Қанат ӘБІЛҚАЙЫР, жазушы, «Жас қалам – жаңа роман» жобасының жеңімпазы:
Әдеби байқау қаламгерлерге едәуір демеу
Біздің қоғамда әдеби агент жоқтың қасы, баспалардың жұмысы кейінгі жылдары ғана жақсы дамып келеді. Дегенмен, жазушылық әлі күнге кәсіп болып есептелмейді. Осы уақытқа дейін жазушы өзінің уақытын бөліп, жиған-терген білімін, өмірден көрген-түйген тақырыбын қорытып, жанын салып зерттеп жазған шығармасынан ешқандай пайда көрмейтін жүйе қалыптасқан еді. Осы қалыптасқан жүйені әдеби байқаулар бұзды. Қазір біз жаңа шығарма жазсақ та, оның демін суытып, әдеби байқауды күтетін жағдайға келдік. Көңілде бір байқау жариялана қалса, соған ұсынсақ, жүлде алса, жазған еңбегіміз ақталар еді деген күй бар. Әдеби байқаулар қазіргі әдеби агент жоқ кезде, кітап саудасының қызбай тұрған шағында қаламгерлерге едәуір демеу болып тұр. Оқырман табуына да өзінің септігін тигізеді деп ойлаймын.
Осы күнге дейінгі жазған шығармаларымның қай-қайсысын болса да әдеби байқауға қатыстырдым. Он шақты әңгіме мен бір-екі хикаятым байқауға қатыспай жарияланып кеткені болмаса, қазір міндетті түрде әдеби байқауда бақ сынаймын. Егер жолы болып жатса қуанамын. Жолы болған шығармаларымның бірі «Ағыраптағы аты жоқ адам» «Жас қалам-жаңа роман» байқауында топ жарды. Бұл байқау бұрыннан жазсам деп ойлап, ізденіп, дайындалып жүрген тақырыбымды жазуға ықпал етті. Үш айдың ішінде роман жазылды. Осы уақытқа дейін ол кітап 4000 данадан астам тиражбен басылып, оқырманға тарады. Егер бір әдеби байқау осындай деңгейге жеткізсе, онда әдеби байқаулардың әдебиетті дамытуға ықпалы бар деп сеніммен айта аламыз.
Тауар өндірушілердің арасында «тауарды өндіру оңай, тарату қиын» деген сөз бар. Әдеби байқаулардың көбеюі біздің қоғамда әдеби шығарма өндіру ісіне серпін бергені байқалады, оны бүгінгі спикерлердің сөзінен анық аңғардық. Бұл, әрине, жақсы нышан. Дегенмен, өндіруден кейінгі өткізу мәселесі әлі де ашық күйінде қалып тұрғандай...