Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енуі мүмкін: шешім 2026 жылы қабылданады

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, ИКОМОС миссиясының қорытындысы негізінде «Маңғыстау түбегіндегі жерасты мешіттері» номинациясының техникалық бағалауы бар сараптамалық есеп дайындалады

Ақорда

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығында ТМД аумағындағы алғашқы бірлескен «Үстірт жазығы» номинациясын қарастыру процесі басталды,  деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Үстірт жазығын және Маңғыстаудың жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатқанын хабарлады.

«17-24 қыркүйек күндері Ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңестің (ИКОМОС) сараптамалық миссиясы аталған тарихи-мәдени мұра нысанын сараптамадан өткізді. Бұл жұмысқа орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, археология және реставрация саласындағы қазақстандық сарапшылар қатысты. Сараптама барысында жерасты мешіттерінің буферлік аймағы мен шекарасын айқындау, консервациялау және қорғау, туристік инфрақұрылымды дамыту және тұрақты басқару мәселелері қарастырылды», – деп жазды Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, ИКОМОС миссиясының қорытындысы негізінде «Маңғыстау түбегіндегі жерасты мешіттері» номинациясының техникалық бағалауы бар сараптамалық есеп дайындалады.

«Аталған нысанға қатысты түпкілікті шешім ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 2026 жылғы шілдеде өтетін отырысында қабылданады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығында ТМД аумағындағы алғашқы «Үстірт жазығы» бірлескен номинация жобасын қарастыру процесі басталды. Осылайша, Ұлттық құрылтайда жарияланған президенттік бастамаларды нақты жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр», – деп түйіндеді мемлекеттік кеңесші.