Қазақ руханиятының мерекесі: «Әдебиет.Рух.Қоғам – 2025» байқауы қорытындыланды
Ақтөбе өңірінде қазақ руханиятының дәстүрге айналған мерекесі – халықаралық «Әдебиет.Рух.Қоғам» әдеби байқауының салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айтып өтейік, биылғы байқау қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Қуандық Шаңғытбаевтың 100 және сатирик-жазушы, ұстаз Үмбетбай Уайдиннің 90 жылдығына арналған шаралармен қатар өтіп жатыр.
Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов бастаған белгілі ақын-жазушылар мен мәдениет майталмандары қатысты.
«Әдебиет.Рух.Қоғам» байқауы алғаш рет 2019 жылы форум ретінде бастау алып, уақыт өте халықаралық деңгейдегі беделді әдеби жобаға айналды. Жыл сайынғы дәстүрлі байқау аясында қазақ әдебиетінің поэзия, проза, драматургия, сатира, балалар әдебиеті және аударма жанрларындағы үздік туындылар анықталады.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров байқаудың рухани маңызын ерекше атап өтті.
«Осынау әдеби байқаудың негізгі мақсаты – кешегі қабырғалы қаламгерлердің есімдерін ұлықтау және олардың жолын жалғап келе жатқан бүгінгі буынның шығармашылығын қолдау.
Әдебиеттің әр жанрындағы үздіктерді анықтау биыл да оңай болмаған секілді. Байқауға ұсынылған шығармалардың деңгейі жоғары, бірінен бірі озып тұр. Бұл – қаламгерлеріміздің ізденісінің, қазақ әдебиетіне деген жауапкершілігінің белгісі.
Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Әдебиетті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады, сөйтіп ұлтының қажетін өтейді». Осы орайда, қазақ әдебиетінің мәртебесін көтеріп жүрген барша ақын-жазушыларға ризашылығымды білдіремін. Қазақ әдебиетінің мерейі әрдайым биік болып, қаламгерлеріміздің қарымды туындылары халқымыздың игілігіне айнала берсін», - деп атап өтті өңір басшысы.
Биылғы додаға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден барлығы 140-тан астам шығарма қабылданды. Байқау нәтижесінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері атындағы 11 номинация бойынша үздік қаламгерлер марапатталды.
Сағи Жиенбаев атындағы номинация Индира Керееваға, Төлеген Айбергенов атындағы номинация Аманжол Исламғалиға, Тахауи Ахтанов атындағы номинация Гүлжайнар Қалдина, Үмбетбай Уайдин атындағы номинация Нұрлыбек Қалауовқа, Ізтай Мәмбетов атындағы марапат Ернұр Сейдахметке бұйырды.
Түркия елінің жас ақыны Фатих Султан Йылмаз Қуандық Шаңғытбаев атындағы номинацияның жеңімпазы атанды. Бұл – қазақ әдебиетінің халықаралық ықпалының кеңейіп, мәдени байланыстардың нығая түскенінің айқын дәлелі.
Тағы бірнеше жеңімпаз түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Әр жеңімпазға 1 млн теңге көлемінде сыйақы табысталды. Сонымен бірге, қазылар алқасының жоғары бағасын алған туындылары үшін облыс әкімінің ұсынысымен төрт қаламгерге 500 мың теңгелік арнаулы жүлде берілді.