Атырауда Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде ақын шығармашылығының ерекшелігін атап өтті

Фото: "Атырау-Ақпарат" медиахолдингі

Атырау қаласында көрнекті ақын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимнінің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толуына орай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жұмекен Нәжімеденов атындағы №2 орта мектептің оқушылары ақынның «Алыста мұнарланған тау шыңдары», «Шіркін, сөз-ай, құдіретті ең сен неткен!», «Салқындап саясында самал көлдің» атты өлеңдерін оқып, ұлы жерлестеріне деген құрметтерін білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде ақын шығармашылығының ерекшелігін атап өтті:

 Кейде Жұмекеннің шығармаларын жұмбақ дейді. Шын мәнінде, олар жұмбақ емес, терең мағыналы, философиялық, ой жүгіртуді қажет ететін дүниелер, — деді ол.

Салтанатты шара соңында ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова әкесінің рухына құрмет көрсетіп келген барша азаматтарға алғысын білдірді.