Кейінгі жылдары кітапханалар ісі қайта жанданып, кітапханашы мамандардың қоғамдағы маңызы артып, кітапхана тек кітап тізіліп тұратын жер ғана емес, еліміздің айтулы күндері баршаға есігін айқара ашып, түрлі-шаралар өткізіп, жұмысы қыз-қыз қайнайтын рухани-мәдени орталыққа айналды
Бұдан біраз жыл бұрын кітапханалар жабылып, көптеген кітапханашылар жұмыссыз қалып кітапхана саласының көші кері кеткендей күй кешкен.
Кейінгі жылдары кітапханалар ісі қайта жанданып, кітапханашы мамандардың қоғамдағы маңызы артып, кітапхана тек кітап тізіліп тұратын жер ғана емес, еліміздің айтулы күндері баршаға есігін айқара ашып, түрлі-шаралар өткізіп, жұмысы қыз-қыз қайнайтын рухани-мәдени орталыққа айналды. Бұл орайда елімізде аталып өтетін әрбір мереке кітапханада немесе кітапханадан тыс болса да, кітапханашылардың қатысуынсыз өтпейтін болды.
Мұндай серпілістің мәніне үңілу үшін Qaz365.kz тілшісі мереке және кітапхана тақырыбында Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 6-шы кітапхана меңгерушісі Балнұр АСҚАРҚЫЗЫН әз-кем әңгімеге тартты.
– Кейінгі жылдары еліміздегі әрбір мереке кітапханашылардың қатысуынсыз өтпейтін болды. Мұның мәні неде?
– Ұлттық және мемлекеттік мерекелер – елдің рухани тұтастығын сақтайтын, халықты ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіретін маңызды күндер. Мұндай мерекелерді атап өту арқылы ұлт өзінің тарихына, мәдениетіне және мемлекеттіліктің мәніне қайта үңіледі.
Мереке – бұл тек демалыс күні емес, ол ел бірлігін, патриоттық рухты және ұлттық мақтанышты қалыптастырудың құралы.
Осындай күндерде халық өз өткенін ұлықтап, болашаққа сеніммен қарайды.
Мысалы, Республика күні, Тәуелсіздік күні, Ата заң күні сынды мейрамдар – елдің саяси дербестігін, азаматтардың жауапкершілігін және қоғамдағы бейбіт өмірдің қадірін еске салады.
– Мұндай мерекелерді атап өтуде кітапханалардың рөлі қандай?
– Кітапхана – білім мен мәдениеттің ордасы, ал ұлттық мерекелер кезінде ол нағыз рухани ағартушылық орталыққа айналады.
Кітапханалар мұндай мерекелерде халыққа тарихи деректерді, құжаттарды, фотосуреттер мен архив материалдарын ұсынып, ел тарихын танытудың сенімді алаңына айналады.
Мысалы, Республика күні қарсаңында кітапханаларда «Егемендік жолы», «Тәуелсіздік шежіресі», «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітап көрмелері, дөңгелек үстелдер, поэзия кештері мен әдеби сағаттар ұйымдастырылса, бұл ел тарихын терең ұғынуға, жастардың патриоттық сезімін оятуға зор ықпал етеді.
Сондықтан кітапханалар мерекені тек атап өтуші ғана емес, ұлттық сана мен рухани бірлікті нығайтушы басты мәдени институттардың бірі.
– Мұндай мерекелерді атап өту ел тұрғындарының мемлекетшіл санасын нығайтуға ықпал етеді деп ойлайсыз ба?
– Әрине, ықпал етеді. Мемлекеттік мерекелерді атап өту – азаматтардың өз елінің тағдырына деген жауапкершілік сезімін арттырады.
Мұндай шаралар арқылы адамдар өз елінің өткені мен бүгініне ой жүгіртіп, мемлекет алдындағы парызын түсінеді.
Мысалы, Республика күні кезінде егемендіктің оңай келмегенін, ол үшін халқымыздың күрескенін ұғыну – жастардың бойында мемлекетшіл сана мен отаншылдық рухты қалыптастырады.
Мереке кезінде ортақ рәміздерге құрмет көрсету, Ту мен Елтаңбаны қастерлеу, ел тарихына тағзым ету – азаматтық бірегейлікті күшейтеді.
Демек, мұндай күндер елдің бірлігін нығайтып, мемлекетшіл дүниетанымды орнықтырады.
– Кітапханашы ретінде, жалпы еліміздің тұрғыны ретінде қоғамдық маңызы бар мерекелердің мәнін жас ұрпаққа түсіндірудің тағы қандай тәсілі бар деп ойлайсыз?
– Қазіргі заман жастары ақпаратты дәстүрлі оқулықтан гөрі көрнекі және әсерлі форматта қабылдайды. Сондықтан кітапханашылар мен ұстаздар мерекелік мағынаны түсіндіруде заманауи әрі шығармашылық тәсілдерді қолдануы керек.
Мысалы: Интерактивті кітап көрмелері – QR-код арқылы тарихи бейнематериалдар мен құжаттардықолжетімді ету;
Тарихи квесттер мен викториналар – жастарды қызықты форматта ел тарихын зертделеуге тарту;
«Тікелей эфир» немесе онлайн кездесу – жергілікті ардагерлермен, тарихшылармен сұхбат ұйымдастыру;
Әдеби композициялар мен театрландырылған көріністер – тарихты жүрекке жақын етіп жеткізу;
Оқушылар мен студенттердің шығармашылық эссе, бейнеролик байқаулары – олардың ел тағдырына өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік беру.
Өмірдің мәні – оның құндылығын сезінумен, туған жердің қадірі – оның тарихын қастерлеумен мазмұнды. Ал тарихты қастерлеудің жалпыға ортақ тәсілі, мәдени көрінісі – қоғамдық маңызы бар мерекелерді мазмұнды ету. Біз пікірлескен кітапханашы көзқарасы қоғам үшін, оның тұрғындары үшін мерекелердің мазмұнын ап-анық айқындап берді десек қателеспейміз.
– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет!