Мемлекеттік мерекелерде орындалар ән-күйдің мазмұны

Qaz365.kz редакциясы
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ән – сезім, ән – тарих, ән – сағыныш. Күй – мазмұн, күй – шежіре, күй – болмыс! Бұл екеуі жеке адамның өміріндегі ғана емес, бір ұлт, бір ел, бір мемлекет тарихындағы қилы кезеңдерден сыр шертеді.  Демек, мерекелерде орындалар ән мен күй, әр мерекенің мазмұнына сай тыңдаушыға рух беріп, ойландырады, еңсесін тіктеп, серпілтеді. Сол себепті де мерекелерді атап өтуде музыканың мәні зор. Бұл орайда қоғамдық маңызы бар мерекелердің мемлекетшіл сананы нығайтудағы рөлі туралы Qaz365.kz тілшісі Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы «Қобыз сарыны» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бекназар Кәкелеевтен сұраған еді.

Қоғамдық маңызы бар мерекелерді (ұлттық, мемлекеттік) атап өтудің   маңызы өте зор. Олар халқымыздың рухын көтеріп, ел тұрғындарының береке-бірлігін бекемдейді. Өткенімізді еске алып, болашаққа сеніммен қарап, бейбіт заманға шүкірлшік айтуға ықпал етеді деп есептеймін. Алда келе жатқан 25 қазан Республика күні мен 16 желтоқсанда аталатын Тәуелсіздік күні бізге егемендігіміздің қадірін түсіндіретін, дербес мемлекет екенімізді сезіндіретін, еліміздің дамуына, тәуелсіздіктің нығаюына әркім адал еңбекпен үлес қосуы керек екенін еске салады. Елге-жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, кеудеге мақтаныш сезімін ұялатады, рухын оятады. 

– Филармония музыканттары – қоғамның рухани-мәдени шараларының бел ортасында жүретін мамандар. Олар еліміздегі мерекелердің ірілі-ұсақтысына қарамай, іс-шаралар өткізіп, оны қалың халық қалай қабылдайтынын анық байқайды. Сіздер осындай мерекелерде түрлі концерттер қоясыздар. Сонда әр мерекені халық әртүрлі қабылдай ма? Әлде айырмашылығы жоқ па?

– Әрине, айырмашылығы бар. Әр мерекеге арнап қойылатын концерттің өзінің жоба-жоспары болады. Мысалы, Республика күні мен Тәуелсіздікке байланысты қойылатын концерттерде айтылатын ән де, қойылатын қойылым да тәуелсіздіктің қалай келгендігін, оның маңызын түсіндіретіндей мазмұнда болады. Музыкант ретінде біз мемлекеттік және ұлттық мерекелерде өтетін концерттерге өте жауапкершілікпен қараймыз. Халықтың өткен тарихына, қилы кезеңіне арналған әр әннің сөзі салмақты, әр күйдің мәні терең.  Ал Наурыз мерекесіндегі салтанатты шаралар көңілді, шуақты көктемнің келе жатқанын сезіндіретін, қыстан аман шыққандағы шаттықты паш ететін әндер мен көріністерге құрылады. Меніңше, концерттердің мұндай ерекшелігі халыққа әр мерекенің мән-маңызын ұғындыратыны сөзсіз. Өнердің құдіреті де сонда ғой!

– Мұндайда елдің рухтанып қалатынын байқайсыздар ма, өздеріңіз де, арқаланып қалатын шығарсыздар?

 – Әрине, сезіледі. «Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді» демекші, адамның рухын көтеретін ән мен күй орындалғанда, сахнада отырып та көрермендердің көзінен арқаланып, рухтанғанын байқаймыз. Бір көрермен көзіне жас алса, енді бірі рухты әндерді бірге шырқайды. Сондай сәттерде бойға біткен өнер мен сонша жыл еткен еңбектің зая кетпегініне қуанып, өнеріңнің елге рух беріп жатқанын сезгенде, жүрек толқиды. Сол көріністен жігерленіп, қарт қобыз бен домбыраны шабыттана тартамыз. Мұндайда әр қимыл шынайы, аспаптардың дауысы да еркін қалықтайды. Дәл осы кезде өзіңді тек музыкант емес, қазақ дейтін тарихы терең елдің бір бөлшегі, рухани қызметшісі ретінде сезінесің.

Айта кетейік, «Әділет» деп аталатын Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы заң мәтіні беріліп, онда елімізде аталып өтілетін мерекелердің хұқықтық негіздері айқындалған. Құжатқа сәйкес Қазақстанда ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де мерекелер бар. 

Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына зор ықпал еткен, ерекше тарихы маңызы бар оқиғалар құрметіне белгіленген мерекелер ұлттық мереке деп аталады. Ұлттық мерекені атап өту кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өтеді.

Мемлекеттік мерекелер дегеніміз – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, ҚР-дың азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Бұл кезде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін. Ал осы екі мәртебе берілмеген азаматтардың жекелеген санаты атап өтетін мерекелер кәсіби мерекелер деп аталады.

Мемлекеттік мерекелер санатына 1-2 қаңтар – Жаңа жыл, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, 21-23 наурыз – Наурыз мейрамы,1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Жеңіс күні, 6 шілде – Астана күні, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күні енген. Ал 25 қазан – Республика күні – еліміздегі ең ұлық Ұлттық мереке.