Түркі елдерінің үздік жайдарман командалары Алматыда бас қосады

Qaz365.kz редакциясы

Ойынға 11 команда қатысады

Фото: Жайдарман

29 қазанда Алматыдағы Республика сарайында түркітілдес елдердің жастары қатысатын халықаралық «TurkiCUP» Жайдарман ойыны өтеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шара «Алматы – Түркі әлемінің жастар астанасы» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылып, бауырлас халықтардың мәдени байланысын ортақ әзіл мен тіл арқылы нығайтуды көздейді,

Ойынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Түркиядан келген 11 команда қатысады. Олардың қатарында «Алатау SU» (Алматы), «Шум болалар» (Өзбекстан), «Лидер» және «Торнадо» (Қырғызстан), Әзірбайжан–Түркия құрамасы, сондай-ақ Қазақстанның түрлі өңірлерінен «Рудный», «Абибас», «Қыздар емес», «Шапалақ», «Ақбұлақ» және «Алмаз» командалары бар.

Кештің қазылар алқасында танымал тұлғалар – Тоқтарбек Серғазы (Секавайнс), Ерболат Беделхан, Алуа Қонарова, Қанай және Нұрсұлтан Құрман отырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «TurkiCUP» тек әзіл додасы емес, ол – түркі жұртының достығы мен мәдени ортақтығын дәріптейтін мереке.


Көрермендер халықаралық ойынды 29 қазан күні сағат 19:00-де Алматыдағы Республика сарайында тамашалай алады.