Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы жазушы Мұхтар Әуезовтің ғылыми-зерттеу кабинеті жабылды деген қауесетті ресми түрде жоққа шығарды. Ведомствоның хабарлауынша, кабинет қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Аталған кабинет 2014 жылы Ұлттық кітапхана мен Мұхтар Әуезовтің отбасы мүшелерінің бастамасымен ашылған. Негізгі мақсаты – жазушының бай шығармашылығын зерттеу және оның әдеби мұрасын кеңінен насихаттау. Мұнда Мұхтар Әуезовтің жеке кітаптары мен шығармаларына арналған әдебиеттер жинақталған.
Биыл мамыр айында Ұлттық кітапханада Мұрат Әуезовті еске алу кеші өткен. Іс-шара барысында жазушының туыстары мен әріптестері кітапхана ұжымына ұзақ жылдар бойы көрсеткен қолдауы мен бірлесіп атқарған мәдени жұмыстары үшін алғыс білдірген. Мұрат Әуезовтің қызы Зифа-Алуа алдағы уақытта да ынтымақтастық жалғасатынын атап өткен.
2025 жылдың қыркүйегінде Мұхтар Әуезовтің немересінің бастамасымен және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жазушы атындағы жаңа кітапхана ашу туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты Ұлттық кітапханадағы ғылыми кабинеттегі уақытша сақтауда болған кейбір жеке заттар мен кітаптар жаңа кітапханаға тапсырылған.
Дегенмен Ұлттық кітапхана мәлімдегендей, Мұхтар Әуезовтің ғылыми-зерттеу кабинеті өз жұмысын тоқтатпаған. Қазіргі таңда ол оқырмандар мен зерттеушілерге қызмет көрсетуді жалғастырып, кітап қорын толықтыруды және жазушы мұрасына қатысты іс-шараларды өткізуді жалғастыруда.
Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтің ғылыми кабинеті Ұлттық кітапхананың экскурсиялық бағытына енгізілген және оқырмандар үшін ашық күйінде қалуда.