Майра Мұхамедқызы Парижде жеке концертін өткізді

Qaz365.kz редакциясы

Әншінің халықаралық мансабы дәл осы Парижде басталған

Қазақстанның Франциядағы Елшілігі

Парижде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай опера әншісі, Қазақстанның Халық әртісі Майра Мұхамедқызының жеке концерті өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мерейтойлық шараны Қазақстанның Франциядағы Елшілігі ұйымдастырды. Концерт Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ француздық Air Liquide компаниясы мен Kazatomprom ұлттық компаниясының қолдауымен өтті.

Бұл кеш Майра Мұхамедқызының шығармашылық жолының 30 жылдық мерейтойымен де тұспа-тұс келді. Әншінің халықаралық мансабы дәл осы Парижде, әйгілі Бастилия опера театрының сахнасында басталған. Кейін ол Страсбург, Бордо, Ренн және Авиньон қалаларында өнер көрсеткен.

Арада жиырма жыл өткен соң, Майра Мұхамедқызы француз көрермендерінің алдында әлемдік опера сахналарының жұлдызы ретінде қайта өнер көрсетті.

Кеш бағдарламасына француз, итальян, орыс, қытай және қазақ классикалық музыкасының жауһарлары енді. Көрермендер әсіресе «Біржан сал», «Ер Тарғын» және «Абай» операларынан орындалған арияларға, сондай-ақ қазақтың халық әндеріне ерекше ықылас танытты.

Сахнада әншімен бірге пианист Айдар Өтетлеу және Шымкент қалалық опера және балет театрының квартеті өнер көрсетті. Музыканттардың кәсіби шеберлігі әрбір туындыға ерекше әсер мен терең эмоция сыйлады.

Француз көрермендері концертті ұзақ қол шапалақпен қарсы алып, қазақ мәдениетіне деген шынайы қызығушылықтарын білдірді.

Кештің құрметті қонақтары қатарында Қазақстан мен Францияның мәдениет және өнер қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, іскер орта мүшелері және Париждің 8-округінің әкімі Жанн д’Отсер болды.