ЮНЕСКО Ермек Серкебаев пен Абдолла Қарсақбаевтың мерейтойларын халықаралық деңгейде атап өтеді

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж Qaz365.kz

Қазақстан ұсынған бірнеше бастама ЮНЕСКО-ның 43-сессиясында қолдау тапты. Бұл жөнінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ерлан Қариннің айтуынша, әлемге танымал опера әншісі Ермек Серкебаев пен әйгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың мерейтойлары ЮНЕСКО-ның 2026–2027 жылдарға арналған атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.

«Бұл – ұлттық әрі әлемдік мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан қазақстандық қайраткерлердің халықаралық деңгейде лайықты мойындалуының бір белгісі.», – деді Мемлекеттік кеңесші.

Ол бұл шешім ел мәдениетінің беделін халықаралық аренада арттыратынын атап өтті.

ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесі 1956 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде ұйым 1234 халықаралық шараны қолдаған, олардың 31-і Қазақстанның ұсынысымен енгізілген. Бұған дейін бұл тізімге Абайдың 150 жылдығы, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сабит Мұқановтың 100 жылдықтары, сондай-ақ Алматы мен Шымкенттің мерейтойлары енген.

Биыл ЮНЕСКО штаб-пәтерінде композитор және дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған арнайы концерт те ұйымдастырылды.