Қазіргі кей режиссердің киносының мақсаты жоқ... Бір мәрте көріп, жиренесің - Асанәлі Әшімов

Qaz365.kz редакциясы

Өнерпаз халықты мәдениетке сүйрейді

Фото: Константин Суров

Qaz3665.kz тілшісі Ұлт өнерінің алып тұлғасы, сахна мен экранның қайталанбас шебері, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовпен сұхбаттасты. Актердің өнер жолындағы белестеріне, замандас туралы толғаныстарына және бүгінгі мәдениеттің даму бағытына тоқталды. Сахнаның сыры мен өмірдің қыры қатар өрілген әңгіме барысында Асанәлі ағамыздың ұлт руханиятына деген көзқарасы, жас буынға айтқан ақыл-кеңестері және өнер мен қоғам байланысы жайлы ойлары оқырманға ой салары анық.

– Халық даналығы «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Тегі рас сөз! Жанұяңыз туралы сыр шертсеңіз?

– Мен жетім өскен баламын. Шешем өзімнен 20 жас үлкен. Ол кісі небәрі 23 жаста, мен 4 жаста әкем дүниеден озды.  Анам оқытып, тәрбиеледі. Соның арқасында осы дәрежеге жеттім. Мен де анамды сыйлап өттім. Алматыға 43 жасында қолыма келді. Сол жылдары өзі қатарлас кемпірлер көп болды. Бәріміз тату-тәтті бақытты өмір сүрдік. Содан 43 жыл өмір сүріп, 86 жасында дүниеден өтті. Өте жақсы адам еді. 100 жасауы керек еді. Жақсы көрген келіні Майраның, екі баласының қазасы ауыр тиді. Екеуінің татулығы сондай менен гөрі келінін жақсы көрді. Майра қайтыс болғанда «періште боп келдің-ау, періште боп кеттің-ау» деп дауыстап жылап жоқтау арнады. Соғыста хат-хабарсыз кеткен күйеуін өмір бақи күтіп, тұрмыс құрмады. Хал үстінде жатқанда есінен біраз танып, дүние салған күйеуі, балаларымен бірге келіп, көзіне көрініпті. Сол кезде апа деп қалдым. Анам бармағын жоғары көтеріп, сені тәрбиелеген үлкен шешең естіп тұрғой дегендей тыйып тастады. Көп өтпей анам да бақилық болды. Мен негізі үлкен шешемнің бауырында тәрбиелендім. Анаммен жеңгем сияқты қалжыңдап әзілдесетінмін. Менің театрдағы қойылымдарымды көретін. Сонда анам «өлетін рөлдерді ойнамашы» дейтін. Мен де «сахнада өлсем, өмірде жасым ұзақ болады» деп жұбататынмын. 

Әкелері соғысқа кетіп, тылда еңбек етіп, қазақтың әйелдері балаларын асырап, отанның шырағын сөндірмеді. Аштық та, тоқтықта болды. Жанұяда үшеу едік. Екі қарындасым болды. 1946 жылы елге ауру келіп балалардың біразы қызылшадан қайтыс болыпты. Дерттен мен ғана аман қалыппын. Содан мектеп жабылды. Осылайша талай нәубет өтті.

Әкем мені бүлдіршін кезімде көтеріп тұрған сәті ғана көз алдымда. Терлеп тұрды. Әскерге кетіп баражатқан кезі шығар. Басқа бейнесі есімде қалмады. Әке тәрбиесін көрмедік. Бәлкім, әкей тірі болғанда шаруашылыққа икемдеп жіберсе, өнер жолын таңдамауым мүмкін еді. Оның інісі өнерге баруыма қарсы болды. Біздің елде әртісті онша қаламайтын. Содан көпке дейін қарсы боп жүрді. Сөйтіп Совет Одағының Халық әртісі деген атақты алғанда барып бірақ хабарласты. Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлегенова алған атамы ма деп сұрап, батасын берді.  Шешей әкейді жоқтатпады, жетімдік көрсетпеді. Қандай еді деп құрдастарынан сұрағанда «көңілді адам еді» дейтін. Қалжың қой, әзілкеш адам болған көрінеді. Соғыста бірге боп, тірі келген адам «бір күні окопта жатырмыз, темекіні тұтататын оттық табылмай, шылымды жоғары көтеріп фашистердің оғына тұтатып алайын деп ұстап жатты» дейді. Бұл да бір әкемнің бейнесін, көңілді адам болғанын айшықтайтын эпизод.

Атам пірәдар кісі екен. Ел пірәдар деп атап кетіпті. Есімі Ысқақ. Аппақ киініп жүретін, әулие адам еді.  Біздің ауылда бір орыс жоқ, ыңғи қазақ отыратынбыз. КСРО уағында шошқа фирмасын ұйымдастырыпты. Әлгі бір торай қораға кіріп кетіп, оны көріп, құманы жерге құлапты. Мұны көргенше, Жаратқан ие мені ал деп үш жатып тамақ ішпей қайтыс бопты. Әулиелігі сонша, атамның әруағы қолдап, қызыл жолбарыс маған қоныпты. Ол жағын сәуегейлер болжады. Содан туған жерім Жамбыл облысы, Жайылма ауылында атама арнап мешіт салдым.  Топырағын ішіне қойып, басына шырақ жағып қойдым. Жылда барған сайын құран оқытып, Құдайы беремін. Мешітке түнеймін. Атама айтқан алғысым сол болды. Бір көріп кел айтты. Мешіт ашқанда атам келіпті, қолына кішкентай баланы жетектеп келіпті. Бір жылдан кейін кенже ұлым 70 жасымда дүниеге келді. Әр сахнаға шыққан сайын сыйынып шығамын. Желеп-жебеп, демеп қойылымды сәтті алып шығады. Құдіретін сеземін.

Дандайсу деген менде жоқ. Қара нанның дәмін білеміз. Жеттім дегені адамның жетпегені. Еңбегіңді халық білгеннен артық баға болмайды. Ең үлкен атақ жұрттың сенімі, жылы көзқарасы. Көрегенім, естігенім көп, соны ала білдім. Жас күнімде қазақтың ұлы режиссері Шәкен Айманов «адамның арқасында қорғасын болуы керек» деді. Соны дұрыс ұқтым. Сол себепті осы күнге таза еңбегіммен жеттім деп ойлаймын. Ұлттық тәрбиенің, адалдықтың арқасында көтерілген болармын. Қазір тәубе жанұям жақсы. Мен 90 жасқа таядым. Өмірді бір адамдай көріп келеміз, өкпе жоқ. Бұйырса, тағы да мәнді-мағыналы ғұмыр кеше берсек дейміз. Жаратқан берген өмірді сүреміз.

Театр – шеберхана, ал кино – пропаганда

– Қазіргі таңда кино түсіру, оны кинотеатрдан пұлдау, әзілкеш, спортшы, блогер, вайнер сияқты түрлі саланың адамдарының филмдерге түсуі қалыпты жағдайға айналып барады. Бұндай тенденция өнер сапасын нашарлатып, көрерменді жалықтырып алмай ма?

– Әлгі біреуді ренжітіп, сапасын сынағым келіп отырғаным жоқ. Алайда өнер арзандап баражатқандығы рас. Киноның ішінде сериал бағытына қарай дендеп барады. Өмірден өнер жасау керек. Мысалы, «Қыз Жібек»  толық метражды, екі бөлімнен құралған көркем фильм. 1970 жылдары Қазақфильм студиясы шығарған. Фильм режиссері – Сұлтан Қожықов. Осыдан 50-60 жыл бұрын түсірілсе де, қазақтың дәстүр-салтына сай, қазақи ою-өрнегі, батырдың сауыты, атқа отыруы, сөйлесу мәдениеті бүгінгілердің туындысынан бірнеше саты жоғары. Ондай кастюм бұрын-соңды болған емес-ті. Ол кезде Жібектің шолпысы, қыздардың әшекей бұйымдары табыла бермейтін. Киноның көркем шығуы үшін сол кездегі кино құрам барынша тырысты. Мәселен, ертедегі қазақта байдың балалары кекіл, айдар қойған. Сондықтан Төлегенге кекіл қойылды. Осындай детальдарды кәдеге жаратып, әсерлі ету, халықтың мәңгі есінде қалдыру – өнер. Ал өнер әлемдік дәрежеге көтерілуі үшін, елдің ұлттық болмысын танытып, жақсы тұстарын көбірек көтермелеп көрсету керек. Өзім куәгермін шетелде қазақтың мәдениеті, әдебиеті, тарихы, руханияты жоғары екен ғой деп талай рет баға берді.

Қазіргі кей режиссердің киносының мақсаты жоқ. Өңшең өмірді түсіреді. Тамақ жеп, балшықта басып, құлап-сүрініп жатқанды көрсетеді. Бұның бәрі тұрмыстың тіршілігі. Сериалдарда өнер аз, тұрмыстың бейнелері көп. Бір мәрте көріп, жиренесіз. Ал «Қыз Жібекті» жалықпай көре береді. Әр көрген сайын әркім өзіне рухани азық алады. Бұрынғының жақсы фильмдерін үлкейтіп, картина етіп іліп қойса шедевр. Қазір өнер жолында өтпелі кезең.

Менің трилогиям – «Қыз Жібек», «Транссібір экспрессі», «Атаманның ақыры». Ал кейінгі түсірілген «Сіз кімсіз, Ка мырза?» сол «Атаманның ақыры» филмінің жалғасы. Бұл – келешекке қалдырған асыл мұра! Чекист «Қасымхан Шадияров» туралы 5 фильм түсірдім. Білгенге театр – шеберхана, ал кино – пропаганда.

Кино капитаны режиссер. Оның өресі, айтпақ ойы, көрерменге ой салуы өте маңызды. Көшеден жиғаннан гөрі, көңілден шығатын актерлерді жиған дұрыс. Қазіргілер де бұл жағы кемшіндеу. Жаңалық, өмірде осындай да болады екен-ау деген таңданыс тудырмағаннан кейін жұртшылққа қызық емес. Қазақта, орыста, украинде, беларуста, грузинде де ғаламдық деңгейдегі ұлы тұлғалары болды. «Война и мир», «Отец солдата» дейтін классикалық шығармалар бар. Бұлардан ғажайып кинокартиналар туды. Баяғыда бірнен бірі үлгі алатын, талдау, салыстыру, араласып шеберлікті арттырудың арқасы әжәптәуір фильмдер жарыққа шығатын. Қазір өз қазанымызда ғана қайнап жатырмыз. Шетелден білім алып, озық тәжірибесін үйреніп келген режиссер, актерлер жоқтың қасы. Әр ғасырдың антропологиялық типажы бөлек болады. Қаншалықты режиссері жаңашыл, актері шебер, монтажы үйлесімді, кадры қарқынды, кино соншалықты тартымды, көрерменге өтімді болады. Өнерден табыс көзіне емес, ұлттық идеологияның өзегіне айналдыру қажет.

Өнерпаз халықты мәдениетке сүйрейді

 – Бұрын мәдениет майталмандарының, өнер адамдарының беделі болатын, жұрт тұлғасына тамсанып, сөзіне тоқтайтын. Қазір «екінің бірі әртіс қой» дегенді жиі естіп жүрміз. Неліктен?

– Намыс – ұлы сезім, рухани күш. Жалпы халықта да, өнер адамдарында да намыс қайнап тұруы қажет. Қай саланың майталманы болса да, елдің абыройын, беделін ойлау керек. Намыс тек мәдениет, өнер адамдарына ғана емес, бәрімізге ауадай лазым. Қазақ тілінің аты бар, заты жоқ екеніне намыстанамын. Қоғамда ана тілін менсінбейтін қазақтар ұшырасады. Қазіргі жастар қазақша сөйлеуге қымсынады. Ол француз, ағылшын бола алмайды. Мың жерден өзгеге еліктеп, өзінің ұлттық болмысын тасада қалдырса да бәрібір қазақ қазақ боп қалады. Сондықтан әрбіреу өз мәдениетіне көтеріп, ұлттық негізіне тамыр жібермей, толыққанды адам болып қалыптаспайды. Әсіресе қыздар кіндігін көрсетіп, жастар ашық-шашық жүретіні қынжылтады. Бұған бір тоқтау салу керек қой. Бұл – трагедия! Өз мәдениетін, киім киісін, жүріс-тұрысын, әдет-ғұрпын сақтау қажет. Мәдениетті бірінші орынға шығармай ел өспейді. Ал экономикада, табысты еселеу, дүние жинау бола береді.  Өнер халықты мәдениетке сүйрейді.

Әлі күнге дейін ауылдық жерлерде газсыз, жарықсыз отырғандар кездеседі. Хакім Абай қазір тіріліп келсе, таңғалмас еді. ХІХ ғасырдағы сол деңгей өспеді. Ауылға барсам, тұрмысын көріп түнеріп қайтамын. Кейбірінің қалыбы солғындап кеткен. Оның себебі қазақ ашаршылықты, қиыншылықты көп көріп, өзінің түпкі болмысынан ажырап қалды. Сондықтан сол жұтаң психологиядан әлі арылмады. Қос қостап диплом алып, базарда арба сүйреп жүр кейбірі. Екі қолға бір күрек табылуы керек қой. Бұл да қынжылтады. Кеңес дәуірінде оқу бітірген соң жолдама беріп, қажетті орынға жұмысқа орналастыратын. Байлар байыған сайын байып, кедейлер кедейленіп барады. Үйі жоқ, пәтер сағалап жүрген кілең қазақтың жанұялары. Жаның ашиды. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Осының бәрін ойлап, халықтың мәдени деңгейі өсіп, әлеуметтік жағдайы жақсарса екен деп тілеймін. Қазақ халқы дарынды халық. Өте биязы, ақкөңіл, дастарханы кең, қолы ашық. Қонақжай, бергісі келіп тұрады. Қонақ бір қуанса, ол екі қуанады.

Келер күннен үміт мол. Жалынды, патриот жастарға сенемін. Бұл мәселелерді біреуді сынап айтып отырғаным жоқ. Кемшілікті айтқанып, олқылық оңалып, тұрмыс түзелсін деген тілекшімін. Осының бәрін өз халықымды, елімді, жерімді сүйгендіктен айтамын.

Келешек жақсы болса дейміз. Бодандық қамытын кимей, Қазақ мемлекетін ұстап қалсақ екен. Ата-бабамыз алып беріп кеткен кең сахараға иелік етіп, өзімізге тиесілі несібе-нәсіптің шарапатын өзіміз көрсек деген ниеттемін. Ана тіл үстемдік құрып, қазақтың саны-сапасы өсіп, даламыз ел-жұртқа толып, ғылым, білім дамып, рухани көкжиек ұлғайып, қуатты елге айналып, шат-шадыман күн кеше берейік.

Ғұмырды мәнді етуде, дәмін кетіруде өз қолыңызда

– Өмірден не көрдіңіз, не түйдіңіз?

– Оның бәрін айттым ғой. Негізі жас күнімнен күнделік жазам. Ерекше болған, ұнаған, есте қалған сәттерді түртіп қойып жүрдім. Ақын Қадыр Мырза Әлі менен бірнеше жас үлкен екен. Қайдан білейік әзілдесіп жүріп «Әй Қадыр бір-екі афоризм қарыз берші, кейін қайтарамын» деп қоятынмын. Ол болса «қарыз беретін ақша ма еді ол» деп қағытатын. Қалжыңымыз жарасқан еді. Сатирик Оспанхан Әубәкіровпен актерлік бөлімде бірге оқыдық. Ұстазымыз Асқар Тоқпанов дәріс берді. Консерваторияда жүргенде Оспанхан екеуміз «Актер» деген қабырға газетке редактор едік. Сол газет оны жазушы етіп шығарды. Эпиграмма шебері боп алды. Біздің курстан Сайын Мұратбеков, Есенжол Домбай сияқты жазушылар шықты. Жазуыма әсер еткен осы жігіттер еді. Студенттік кезде жазып жүрген 10 дәптерімнен көз жазып қалдым. Осы күнге шейін өкінем. Ішінде талай мәлімет, қызықты дүние бар еді. Көшіп-қонып жүргенде жоғалттым. Күнделіктерімнің арқасында 5-том, 7-том кітабым жарыққа көрді. Ішінде бір өтірік жоқ. Бұрын болған оқиғаны жазатын едім, қазір естелік жазамын. Естеліктің өзі 5 үлкен дәптер болды. Соның біреуі шықты, қалғаны қалады. Өйткені оның ішінде ашық жазылған тұстары бар. Ал оны шығарудың мезеті әлі келмеді.

Өмірді түйсініп, дұрыс сүре білу керек. Ой дұрыс болса, мәнді ғұмыр кешесіз. Нақты бекітілген ережесі болмайды, әркім әрқалай сүреді. Данышпан Абай «пәленше неге озасың деген қызғаныш болмасын, өзіңді өзің қамшыла» дейді. Ал біз «өнердің жаны құштарлық, жауы іштарлық» дейміз. Өмірде шындыққа жол тар, бірақ бар. 

Өмір көргенім осы жоғарыда айтқандарым. Ал түйгенім өмірді мәнді етуде, дәмін кетіруде өз қолыңызда.

– Әңгімеңізге рахмет!

Олжас ЖОЛДЫБАЙ