Аида Балаева: Қазақ өнері халықаралық деңгейде танылып жатыр

Qaz365.kz редакциясы
Facebook/ Аида Балаева

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ташкент қаласында өткен «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы туралы жазба жариялады. Министрдің айтуынша, туындының табысты қойылымы отандық меценаттардың қолдауының арқасында жүзеге асқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бұл – шығармашылық салаға жанашырлық танытып, қолдау көрсеткен демеушілердің арқасында мүмкін болған айтулы жетістік. Олардың әрқайсысымен жеке танысып, сұхбаттасу мен үшін үлкен мәртебе болды», – деп жазды министр.

Аида Балаева мәдени жобаны жүзеге асыруға атсалысқан Halyk қайырымдылық қоры, Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және Freedom Holding Corp. компаниясына алғыс білдірді.

«Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында қазақ өнері халықаралық деңгейде танылуда», – деді ол.

Сонымен қатар министр Армениядағы Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Еревандағы Радио үйіне барғанын айтып өтті. Онда қазақтың біртуар композиторларының сирек архивтік жазбалары сақталған.

Осы тарихи жазбалар негізінде Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Halyk қайырымдылық қоры бірігіп, қазақ сахна өнерінің майталмандары — Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева және басқа да орындаушылардың туындыларын қамтитын винилді пластинкалар сериясын шығарған.

Аида Балаева бұл бастаманы ұлттық мәдени мұраны сақтау мен келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған ерекше жоба деп атады.

«Ел мәдениетінің дамуына және оны халықаралық аренада кеңінен танытуға үлес қосып жүрген барлық серіктестерімізге шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында біз ұлттық өнеріміздің байлығын әлемге паш етіп, оны жас ұрпаққа аманаттай аламыз», – деді министр.