Қазақтың Қожасы Нұрлан Сегізбаев қайтыс болды

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж Qaz365.kz

Белгілі жазушы, сценарист, Қазақстан халқының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжар қайтыс болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан киносценарист, жазушы, философия ғылымдарының кандидаты. Нұрлан Санжар Еуропадағы Lambert академиялық баспасынан алты ғылыми кітабы жарық көрген ғалым, «Жошы», «Бату», «Періште», «Қызыл қар» романдарының авторы. Бұған қоса, баспадан шықпаған тоғыз қолжазбасы бар. Киносценарист ретінде де ол қазақ кино өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Айта кетейік, Нұрлан Санжар осыдан 60 жыл бұрын түсірілген қазақ киносының қоржынындағы жақұтқа айналған «Менің атым Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған. Осы фильмінен кейін 44 жыл өткен соң, «Қош бол, Гүлсары» фильміндегі Шораның рөлін сомдады. Бірақ ол өзін актер деп санамаған. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жайлы «Аллажар» фильмінің сценарийін жазған. Бұл еңбектің қазақ ұлты үшін өте маңызды екенін ұққан ол сценарийді 19 рет редакциялап, маңдай терін төкті. Нұрлан Санжарұлының «Қызыл қар» атты кітабы бар. Жазушының жазған «Өліара» мен «Аллажар» атты шығармалары қазақ ұлтының жан жарасын жеткізе алған шығармалар.  Идеялық және көркемдік тұрғыдан маңызды осы екі повесть «Қызыл қар» кітабына енді. 

Нұрлан Санжар бар ғұмырын қазақ халқының әдебиеті мен кино өнеріне арнады. Тәуелсіздік алмай тұрған кездері де ұлтының бар мұңын сезініп, сол жайлы жазып кетті.