Көбі Қожабергеннің образында танитын Нұрлан Сегізбаев қазақ руханиятына ғұмырын арнаған
28 желтоқсанда Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, киносценарист, жазушы, философия ғылымдарының кандидаты Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Өкініштісі — қазақ руханиятына ондаған жыл адал қызмет еткен қаламгермен қоштасуға жиналған жұрт қарасы көп болмады.
«Аллажар», «Оралман», «Өліара» секілді көркем фильмдердің сценарийін жазып, өмірін ғылым мен сөз өнеріне арнаған, күллі қазаққа «Менің атым Қожа» арқылы танылған Нұрлан Санжар неге көзі тірісінде көбірек еленбеді деген сауал еріксіз ойға келеді.
Qaz365.kz редакциясы қаламгердің көпшілікке беймәлім, жарыққа шықпай қалған шығармашылық мұрасы жайлы сөз қозғайды.
Екі дәуірдің цензурасына тап болған жазушы
Нұрлан Санжарұлы өзі сомдаған Қожа мен Шора бейнелері арқылы халық жадында актер ретінде сақталғанымен, өзін ешқашан әртіс санаған емес. Ол өнерді рөлмен емес, оймен өлшеген адам еді.
Экрандағы шынайы мінезі мен табиғи болмысы бір дәуірдің тынысын танытты.
Бірнеше кітаптың авторы болған Нұрлан Санжар Жазушылар одағына мүшелікке тек өмірінің соңында ғана — желтоқсан айының басында хат жазып, ресми қабылданды. Бұған дейін ол одаққа кіру үшін кітаптың болуы қажет екенін, ал кітап шығару үшін кей баспалар Жазушылар одағының мүшелігін талап ететінін талай мәрте естіген. Осы қисынсыз тұйық шеңбер оның жолын бөгеді. Кейін шығармашылығы шарықтап, қанша кітап шығарса да Нұрлан Сегізбаев Одаққа қосылмады.
Осылайша «Ақиқат үшін қалам ұстадым» деген берік ұстанымды өмірлік ұстаным еткен Нұрлан Санжар саяси ахуалдан аулақ, өз бетінше шығармашылықпен айналысты. Даңқ қуып, дақпырт, атақ іздемеді. Дегенмен қазақ әдебиетінің бір жібін иіріп, сол ортада ғұмыр кешкен қаламгер өмірінің соңында ақтық сапарға сол Жазушылар одағының шаңырағында елімен қоштасуды жөн көрді.
Нұрлан Сегізбаев естеліктерінде студент кезінде жазушы Сағат Әшімбаевтың оған 1986 жыл жайлы жазуды тапсырғанын жазып кеткен. Ол сол оқиғаны естен шығармай, кәсіби түрде мінсіз сценарий жазу үшін барын салған. 60 беттен 19 нұсқасын жазып шыққан.
«Аллажар» көркем фильмінің сценарийін жазу туралы идеяны Сағат Әшімбаев айтқан еді. Ол «Правда» газеті ресми түрде қазақ халқын ұлтшыл деп айыптағанға жүрегі ауырды. Сағат Әшімбаев ұзақ сөйледі, шынайы әрі қатты айтты. Үнсіз ғана мұқият тыңдап отырдым. Бір-екі сағаттан кейін ол былай деді:
«Маған бала кезіңде түскен «Менің атым Қожа» фильмі қатты ұнайды. Бірақ енді ересек адамсың, Нұрлан. Талантты әрі еңбекқор екеніңді байқап жүрмін. Кейіпкеріңнің есімі нені білдіретінін білемісің? «Қожа» дегеніміз «қожайыннан» шыққан. Мына ен даланың қожайыны — осы даланың қарапайым ғана баласы. Сондықтан саған бір тапсырма беремін: желтоқсан оқиғасы туралы кітап жаз, ал көркем фильм сценарийін жазсаң, қатып кетер еді. Қорықпа, балам. Бұл туралы жазуға болмайтынын білемін, дегенмен сен қорықпа, жаз. Сталиннің кезіндегіндей жарға тұрғызып, атып тастамайды». Сол тілегін естіп кабинеттен шықтым, содан бері осы тақырып ойымнан кетпей қойды», – деп жазды Нұрлан Санжар.
Сценарий Мәскеудегі КСРО мемлекеттік кино редакциясына жетіп, олар жұмысты жалғастыруды талап етті. Сценарийді жетілдіру барысында Нұрлан Санжар мен режиссер Қалдыбай Әбенов арасында шығармашылық келіспеушіліктер туындады. Қалдыбай Әбенов ұлт тағдыры жайлы ауқымды дүниені көрсеткісі келсе, Нұрлан Сегізбаев сценарист ретінде кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін ашып көрсеткісі келген. Нұрлан Сегізбаевтың қыңыр мінезі бар. Талай рет жанжалдасқан. Дегенмен Нұрлан Сегізбаев марқұм режиссерді өзінің естеліктерінде ерекше құрметпен еске алады. Бұл тәуелсіздік алмай тұрған кездегі фильм цензураға тап болып, Ресейдің қауіпсіздік қызметі араласып, екі ортада фильмнен айырылып қала жаздаған. Қалдыбай Әбенов ерлік көрсетіп, фильмнің жазбасын сақтап қалған. Айта кету керек, «Аллажар» фильміне сценарист ретінде енген Лапшин сценарийге жедел жәрдем дәрігерінің образын енгізіп, өз үлесін қосқаннан кейін, сыйақысын алып, үйіне қайтқан. Қазірдің өзінде кейбір ашық ақпарат көздерінде сценаристер қатарында тек Александр Лапшин ғана тұр. Бұл фильмнің «жолын ашады» деп Ресейден бір сценаристі әдейі қосқан. Нұрлан Сегізбаев сценарий көп өзгеріске ұшыраған соң фильмге емес, өзінің «Қызыл қар» кітабындағы «Аллажар» повестіне «жауап беретінін» айтады.
«Аллажар» фильмі КСРО кезінде цензураға ұшырағаны өз алдына, тәуелсіз Қазақстанда да цензураға тап болған. Марқұм жазушының сөзінше бұл фильмге тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз образын қосқысы келген.
«Көп жыл өткен соң сол проблемалардың мәнін түсіне бастағандай болдым. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі желтоқсан оқиғасы арқасында дәуіріміздің батыры атанғысы келіпті. Сол себепті режиссерға ел президентінің үлесін де ұмыт қалдырмай, фильмге қосыңдар деген ұсыныс түскен. Бірақ Қалдыбай Әбенов ерлік танытып, бас тартқан. Онымен қоймай, революцияшыл жастар Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаҺарманы» атағын беруді талап етіп, дегеніне жетті», – деп жазады кітабында Нұрлан Санжар.
Тағы бір айта кететін жағдай Нұрлан Сегізбаевтың айтуынша, бұған дейін «Жусан» сценарийі барлық кезеңнен өтіп, ведомствоаралық комиссияда қолдау тапқан. Алайда кейін министрлік талап еткен түзетулер енгізілгеніне қарамастан, жоба автордың қатысуынсыз өзгертіліп, сценарийдің көркемдік деңгейі төмендетілген.
Соның салдарынан жоба тоқтатылып, жеңімпаз сценарийдің орнына өзге жұмыс ұсынылған. Нұрлан Сегізбаев мұны авторлық құқықтың өрескел бұзылуы әрі қазақ киносына жасалған қиянат деп бағалаған. Марқұм «Өліара» фильмінің де ашаршылық жайлы болған соң тыйым салынып, прокатқа шықпағанын айтқан еді.
Бір дәуірді көшіріп әкеткен тұлға
Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев 1951 жылғы 28 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. Қаланың баласының «Қожаның» рөлін қалай алып шыққанына бәрі таңқалады. Сол кездегі қазақ халқының тағдырына байланысты жастар орысша оқып, білім алды. Дегенмен Нұрлан Сегізбаев қандай білім алса да, тамырындағы қазақтың қаны жібермеді.
Нұрлан Сегізбаев өзі бала кезіндегі естеліктерін айтқанда жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Қазақ жеріне ие бол. Ол саған аманат» дегенін айтып отыратын. «Баламын ғой. Ол кезде түсінбедім» дейді жазушы. Өз естеліктерінде ол Шәкен Аймановтың оған тағы бір рөл ұсынғысы келгенін айтады. Бірақ жазушы киноға түсуден бас тартып, өмірін әдебиет пен ғылымға арнаған. Тек 34 жыл өткен соң ғана «Қош бол, Гүлсары» фильміне түскен.
Бірі білсе, бірі білмес, ол 1974 жылы Өскемен педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдап, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алды. Еңбек жолын сол жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауылында мектеп мұғалімі болып бастап, кейін оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарды. Ауыл мектебіндегі осы жылдар оның ұстаздық қана емес, адамдық болмысын да қалыптастырды.
1978 жылы Нұрлан Сегізбаев Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының сценарий факультетіне оқуға түсіп, 1982 жылы әйгілі шеберлер Е.Габрилович, Л.Голубкина, С.Лунгин, И.Вайсфельд жетекшілік еткен шеберханадан білім алды. Бұл кезең оның кәсіби киносценарист ретінде қалыптасуына жол ашты.
1982 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясында көркем фильмдердің редакторы болып еңбек етті. Кейін, 1987–1990 жылдары, ұлттық «Qazaqstan» телеарнасында редактор қызметін атқарып, отандық экран өнерінің дамуына үлес қосты. 2003 жылдан 2019 жылға дейін «Қазақфильмде» ойын киносының редакторы ретінде тұрақты жұмыс істеді.
Нұрлан Санжарұлы ұстаздық жолдан да қол үзген жоқ. 2006 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде, ал 2010 жылдан Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино және ТВ» факультетінде дәріс оқыды. 2021 жылдан бастап ҚазҰУ-дың Киномедиа бағыты бойынша электронды БАҚ кафедрасында аға оқытушы болды. Ол бірнеше буынға, жас журналист пен киногерлерге ұстаз болған адам. Студенттер оның талапты өте жоғары қоятын, мінезді ұстаз болғанын айтады. Расымен ол шығармашылықта ол өзіне де, өзгеге де қатал болды. Өнерді танитын, арзан дабырадан аулақ адам еді.
Өмірінің соңына дейін шығармашылықпен айналысты
Өмірінің соңғы жылдары ауыр дертпен арпалысса да, шығармашылық пен ой еңбегінен қол үзбеді. Ол өмірінің соңында «Жошы» романын шығару үшін Кітап палатасынан жауап күтті. Ақыры Нұрлан Сегізбаевтың кітабын ақыры Кітап палатасы емес, мемлекеттік баспалар емес, жеке компания шығарғалы жатыр екен.
«Кітап палатасы қарашаның аяғында бізде орын жоқ деді. Астанаға қоңырау шалған. Кітап шығаратын адам саны толып кеткен екен. Сонымен Нұрлан ренжіп министрліктің өзі тапсырыс берді ғой деді. Олар: «біз білмейміз, бәрін Астана шешеді ғой» деді. Нұрлан ауырып жатқанын, еміне қаражат қажет екенін айтып ренжіді. Содан бір аптадан кейін Кітап палатасы қоңырау шалды. Министрліктен тапсырма келіпті. Мемлекеттік емес, жеке баспагерге кітапты берген. Ол 3000 дана қылып шығарады», — деді марқұмның жұбайы.
Өмірінің соңғы шағында Нұрлан Сегізбаев ақыры жеке баспагермен келісімшартқа отырды.
«Өткенде жеке баспагер Нұрлан ағаның көзі тірісінде келді. Келісімге қол қойдырды. Кітап палатасымен мемлекеттік ақшамен кітап шығарудан қалып қойдық. Ол әр бетіне төлейтін. Ал жеке баспа олай төлемейді. Нұрлан әуелі келіспей жіберген. Кейін қатты ауырғаннан кейін сезді ме... Қайта жазып, қанша берсе де келісетінін айтты. Басқа амал жоқ, ақша қажет болды. Сөйтіп «Керемет медиа» ЖШС шығарады. Сол 3000 дананы 3000 кітапханаға таратып береді», — деді Нұрлан Сегізбаевтың жұбайы Мадина.
Жеке баспагерге қоңырау шалғанымызда істі келер жылдан бастап қолға алатынын, сол кезде сұхбат бере алатынын айтты.
Нұрлан Сегізбаев өмірінің соңына дейін кітап жазып, әдебиетпен, сценарий жазумен шұғылданды. Түрлі сюжеттер мен оқиғалар желісін құрастырып, денсаулығынан әл кеткенше сүйікті ісімен айналысты.
Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев 2025 жылғы 26 желтоқсанда ұзаққа созылған сырқаттың салдарынан 74 жасында дүниеден өтті. Марқұмды Кеңсай-1 зиратына жерледі.
Айта кетейік, әйгілі футболшы Тимур Сегізбаев Нұрлан Сегізбаевтың ағасы. Тимур Сегізбаев — қазақ футболының қалыптасуына зор үлес қосқан спорт қайраткері. Ол ұзақ жыл Алматының «Қайрат» командасында ойнап, кейін бапкерлік және басқару саласында еңбек етті. Оның есімі Алматыдағы «Қайрат» клубының жасөспірімдер академиясына берілген.
«Өлген адам сөйлемейді…»
Ол сырқаттанып жүргенде өзі жайлы жаңалықтардың астына «Алла шипа берсін» деп жазған адамдардың пікірін көріп қатты риза болған еді. «Дәрігерлердің қолынан келмегенді халық Құдайдан сұрап жатыр. Халық мені жақсы көреді» деп балаша мәз болған.
Фото: Qaz365.kz/Бауыржан Карипов
Дегенмен 28 желтоқсан күні Жазушылар одағынан оны ақтық сапарға шығарып саларда бірде-бір телеарна келмеді. Қаптаған әртістердің де, киногер, қаламгер, зиялы деген азаматтардың қарасы аз болды. Марқұмның жары Мадина және туыстарыч Жазушылар одағының басшысы және ұжымы, Әсет Иманғали, Бақыт Тушаев, Бекжан Тұрыс секілді әртістер, режиссер Болат Ғалымбетов болды. Сондай-ақ жақында түсірілген «Қожа. Жаңа саяхат» фильміне түскен 15 жастағы Айқын Елубай ақтық сапарға шығарып салуға келді. Марқұмның табытын көтергендердің бірі болды. Көзінің тірісінде марқұм өзіне кезінде жазушы Бердібек Соқпақбаев айтқан «Қазақ жері саған аманат» деген сөзді Айқын Елубайға айтып кетті.
Фото: Qaz365.kz/Бауыржан Карипов
Қожаның мінезі өте өткір болатын. Қайсар, қайтпас мінезінің арқасында ол өзінің шығармашылығына адал болды. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген тәмсіл еріксіз ойға оралады. Қазақтың Қожасы тек Қожаның бейнесін ғана жасап кеткен жоқ. Ол ұлтының жан жарасын, халықтың ішкі трагедиясын жүрегімен сезініп, соны кино мен әдебиет тілінде сөйлете білді. Бұл — екінің біріне бұйыра бермейтін тағдыр. Шығарып салу сәтінде елдің аз жиналғаны көңілге кірбің түсіреді. «Өлген адам сөйлемейді».
Дегенмен уақыт бәрінің төрешісі. Не болса да Нұрлан Сегізбаевты қазақ халқы ұмытпайды. Ел үшін үнсіз еңбек еткен, дабыраға ермей, елеусіз қалған азаматтардың шын бағасын уақыт береді.
Қарғалдақ