Киноға бақылау күшейеді: енді барлық фильм прокатқа дейін тексеріледі

Qaz365.kz редакциясы
"Руың кім" фильмінің постері

Қазақстанда шетелдік және отандық фильмдерді кинотеатрларда көрсету алдында арнайы Сараптама комиссиясының қарауынан өткізу көзделіп отыр. Бұл жөнінде Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының жолдаған сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Үкімет әзірлеген заңнамалық түзетулер 2025 жылдың соңында Мәжілісте қабылданып, қазіргі уақытта Сенаттың қарауына ұсынылған. Құжат күшіне енген жағдайда, ел аумағында көрсетілетін барлық фильмдер прокатқа шығар алдында арнайы сараптамадан өтетін болады. Сонымен бірге кинотеатрлардағы фильмдердің көрсетілуіне бақылау күшейтіледі.

Премьер-министрдің жауабында Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет саласындағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қоғамды біріктіретін, ұлттық тұтастықты нығайтатын мазмұндағы өнімдерді арттыру бағытында жұмыс жүргізетіні айтылған.

Айта кетейік, депутаттардың сауал жолдауына кинотеатрларда көрсетілген «Руың кім?» фильмі себеп болған. Бұл туынды қоғамда үлкен резонанс тудырып, қызу талқыға түсті.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров рушылдықты дәріптейтін контенттің кең таралуы ұлт бірлігіне қауіп төндіретінін атап өтіп, мұндай үрдістің мәдени кеңістікте белең ала бастағанына алаңдаушылық білдірген. Қоғамдық сыннан кейін фильм 2025 жылғы 18 желтоқсаннан бастап прокаттан алынды.