Неліктен бұрынғы қазақ әйелдері «кемпір» болғысы келген?

Qaz365.kz редакциясы

Өткен ғасырларда қазақ әйелінің жасы үлкейген сайын мәртебесі арта түскен

Қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Қызды мәпелеп өсірген, еркелеткен, ең бастысы оған қол көтермеген. Себебі қыз — бір әулеттің ғана емес, ертең өзге шаңырақтың да аманаты деп түсінген. Осы тақырыпта Qalam Global қазақ әйелдері жайлы қызықты тарихи деректерді жариялады. 

Qaz395.kz осы деректерді назарларыңызға ұсынады. 

Дәстүрлі қазақ қоғамында үй ішіндегі тірліктің басым бөлігі әйелдердің үлесінде болған. Олар киіз үйді тігіп, жинаған, ас-су әзірлеген, киім тіккен, тезек терген, ою ойып, сырмақ тіккен. Ал ер адамдар көбіне түздің тірлігімен айналысқан. Мал баққан, көштің бағытын белгілеп, елдің сыртқы шаруасын реттеген.

ХІХ ғасырдағы этнограф Алексей Левшин де осыны атап өткен:

«Қазақ әйелдері ер адамдарға қарағанда еңбекқор келеді. Үйге, тұрмысқа қажеттінің бәріне солар жауап береді». 
(1832 жыл)

Дегенмен, үй шаруасы әйелдерге ғана жүктеліп қойған қатаң тәртіп болмаған. Этнограф Досымбек Қатыранның жазуынша, кей жағдайда ер адамдар да үй ісіне араласқан. Мәселен, бала тым жас болса немесе анасының қолы босамаса ер адам да күйбең тірлікке араласқан. Ал ас беру, қонақасын беру кезінде қазан мен ошаққа ер адамдар жауапты болған. Мұндай кезде ет асу, табақ тарту, қонақтарды күту түгел ер азаматтардың міндеті болған. 

ХІХ ғасырдың соңындағы орыс зерттеушілері қазақ әйелдерінің жағдайы көрші Орталық Азия халықтарына қарағанда әлдеқайда еркін әрі беделді болғанын жазған.
Этнограф Владимир Наливкин 1886 жылы былай дейді:

«Дәстүр мен дін бойынша отағасы — ер адам деп саналса да, іс жүзінде оның әйелінің сөзіне жығылатын кездері аз болмаған».

Қазақ қоғамында отбасындағы жанжал жасырын қалмаған. Егер әйел жәбір көрсе, ол сыртқа шығып, дауысын көтеріп, жағдайды жұртқа естірте айтқан. Мұндайда оны естіген әр адам араша түсуге, екі жақты татуластыруға міндетті болған.
Бұл дәстүр әйелді ерінің зорлығынан қорғаудың бір жолы еді. Зерттеушілердің жазуынша, қазақ қоғамында тұрмыстық зорлық Еуропа мен Орталық Азияның кей өңірлеріне қарағанда әлдеқайда сирек кездескен.

Тарих ғылымдарының кандидаты Салтанат Асанова сол кезеңде әйелдердің ерте қартайғысы келгенін бұған дейінгі сұхбатында айтқан еді.

«Қазір қоғамда жастықты, жас болуды дәріптеу басым. Ал дәстүрлі қоғамда, керісінше, қарттыққа құрмет ерекше болған. Сол себепті қазақ әйелдері «кемпір» атануға асыққан. Неге десеңіз, дәл осы кезеңнен бастап, яғни немере көрген соң, әйелдің сөзі өтімді бола бастаған. Ол өз ойын ашық айтып, отбасы ішіндегі мәселелерге еркін араласуға құқылы болған. Бұл — мүлде басқа, жоғары мәртебе еді. Ең бастысы, ол ауыр жұмыс істемей, үй ішінің тірлігін басқарып отырған. Оның айтқанына бәрі құлақ асқан. Егер бүгінгі қоғамда жастық культі алдыңғы орында тұрса, бұрынғы кезде қарттық — ақыл мен беделдің белгісі саналатын. Сол себепті қазақ әйелдері осы мәртебеге тезірек жетуге ұмтылған», — деді Салтанат Асанова.

Демек қазақ әйелінің беделі жасы ұлғайған сайын арта түскен. «Кемпір» деген атау әлсіздік пен қарттықтың белгісі емес, керісінше — сый-құрмет пен өмірлік тәжірибенің нышаны болған. Бұл кезеңде әйел айтқанды тыңдап қана емес, шешім айта алатын дәрежеге көтерілген. «Кемпір» болу қашқалақтайтын емес, асыға қол жеткізетін «мәртебе» саналған.