Qaz365.kz журналисі тіл байқауында топ жарды

Qaz365.kz редакциясы
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы 21 ақпандағы Халықаралық ана тілі күні қарсаңында «Ана тілі – рухани тәуелсіздіктің тірегі» атты облыстық байқау ұйымдастырды. Аталған байқауда топ жарған әріптесіміз Дидар Қайрат жүлделі екінші орынды еншіледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі орнын айқындап, қазақ тілін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау мақсатында өткізілген шараға облыстың түпкір-түпкірінен БАҚ өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылар тілдің тек қатынас құралы емес, ұлттың рухани тұғыры екенін атап өтті.

Байқауда мемлекеттік тіл тақырыбында мақала жазған журналистердің еңбегі сараланды. Жетісудағы баспа басылымдары, радиолар, интернет-басылымдар мен ақпараттық порталдардың журналистері мен авторлары қатысты. Қазылар алқасының құрамында ҚР Мәдениет қайраткері, Құрметті журналист Жұмахмет Жайлаубай, «Жетісу» облыстық газетінің бас редакторының орынбасары Ришад Тұрғанбай, PhD докторы Айна Абызова болды.

«Үздік баспа материал» номинациясы бойынша: 

І орын – Медет Жұмабаев
ІІ орын – Торғын Тұрлыбаева, Альфита Сексенбаева, Гаухар Муса
ІІІ орын – Наргиз Ибраимова, Ербол Сымханов, Диана Дауренқызы

«Үздік интернет материал» номинациясы бойынша:

І орын – Нұрлыбек Несіпбаев
ІІ орын – Дидар Қайрат
ІІІ орын – Ажар Андас

«Үздік радиоматериал» номинациясы бойынша:

І орын – Сымбат Саттарқызы
ІІ орын – Махаббат Жүзбайқызы

Жеңімпаздар арнайы диплом, статуэтка және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы – өңірлердегі тіл саясатын жүзеге асыратын, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған мекеме. Қазақстанның әрбір өңірінде осындай мекемелер қазақ тілінде сабақ беріп, мемлекеттік тілде дұрыс сөйлеуді, дұрыс жазуды дәріптеп, ересектерге, мемлекеттік қызметшілерге және түрлі сала мамандарына тіл үйретіп жүр.