Қостанай қуыршақ театры Наурыз мейрамына арналған мерекелік қойылымын ұсынды

Qaz365.kz редакциясы

Қазақ халық ертегілері желісі бойынша «Алдар Көсенің хикаялары» спектаклін қойды

Қостанай қуыршақ театры

Қостанай қуыршақ театры Наурыз мейрамына арналған «Думанды той Наурыз» мерекелік қойылымын ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мерекелік шара бағдарламасы аясында бүлдіршіндер назарына қазақ халық ертегілері желісі бойынша «Алдар Көсенің хикаялары» спектаклін екі тілде ұсынды.

Алдар Көсе туралы ертегілер – қазақ халқының тұрмыс–салтын, әдет–ғұрпын, дәстүрі мен халық даналығын бейнелейтін ауыз әдебиетінің тамаша үлгісі. Көрнекі музыкалық спектакль балаларға мақсатқа адал жету, ақыл мен білімді пайдалану, жомарт және қамқор болу сияқты маңызды өмірлік сабақтарға және ұлттық дәстүрлерді құрметтеп, қадірлеуге үйретеді.

Мереке аясында көрермендерге көңілді ойындар, танымдық сұрақтар мен жұмбақтар сияқты қызықты интерактивті бағдарлама ұсынылып, артынан қатысушылар бірігіп «Қара жорға» биіне флешмоб жасады. Балалар Наурыз дәстүрлерімен танысып, көктемгі мереке туралы көп қызықты мәлімет алды және театр әртістерімен бірге Наурыз мейрамын атап өтті.

Мерекенің соңында көрермендер Наурыздың символы – қадірлі қария Қыдыр Атаның ақ батасын алып, Көктем кейіпкерімен кездесті.

«Думанды той Наурыз» қойылымы көрермендерге жылулық, достық және шынайы көктемгі көңіл-күй сыйлады.