Биыл пайдалануға беріледі
Атырау облысы Құрманғазы ауданында ауылдық елді мекендердің мәдени инфрақұрылымын дамыту мақсатында төрт жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Qaz365.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бөкейхан ауылдық округінің Бөкейхан ауылында 300 орындық мәдениет үйі салынды. Құрылысы 2023 жылы басталып, былтыр аяқталған нысанда көрермендер залы, би және драма үйірмелеріне арналған бөлмелер, әртістерге арналған бөлме, грим және костюм бөлмелері, кітапхана, әкімшілік кабинеттер мен ас үй қарастырылған. Сондай-ақ Теңіз ауылында 126 орындық мәдениет үйі былтыр салынды.
– Ауылдық елді мекендерде мәдени инфрақұрылымды дамыту – негізгі міндеттеріміздің бірі. Жаңа мәдениет үйлері ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Қазір ауданда Бірлік және Көптоғай ауылдарында 300 орындық екі мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта да ауылдардағы мәдени нысандарды жаңғырту жұмыстары жалғасады, – деді Құрманғазы ауданы құрылыс бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Мұратбек Мұхитов.
Дыңғызыл ауылдық округінің Ғизат Әліпов ауылында 100 орындық мәдениет үйі салынып, биыл пайдалануға берілді. Ал Асан ауылдық округінің Асан ауылында тағы бір 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2024–2025 жылдары жүргізіліп, аяқталды.