Қазақтың биші қызы Еуропа төрінде топ жарып, алтын жүлдені жеңіп алды

Qaz365.kz редакциясы
Фото: Бейнеден кадр

15 наурыз күні Италияның Мариотто қаласында өткен беделді би чемпионатында қазақстандық жас талант Алтынай Жұмабай алтын жүлдегер атанып, ел мерейін асқақтатты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл дода Дүниежүзілік би ұйымының қолдауымен өткен WDO European Amateur Ballroom Solo Championship жарысы аясында ұйымдастырылды.

Сахнаға шыққан сәттен-ақ Алтынай көрермен назарын өзіне аударып, биімен көпшілікті тәнті етті. 

Жарысқа Еуропаның әр елінен келген мықты бишілер қатысқан. Соған қарамастан, қазақстандық өнерпаз қарсыластарының бәрінен озып, чемпион атанды.

Айта кетейік, Алтынай бұған дейін де ірі жетістіктерге қол жеткізген. Ол 2023 жылы 12 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы атанса, 2024 жылы Италияда өткен Еуропа біріншілігінде күміс жүлдегер болды. Сонымен қатар, Мюнхенде өткен әлем чемпионатында да топ жарған еді. Енді міне, тағы бір алтын медаль қоржынына түсті.