Бағдарлама аясында ұлттық киімдер дефилесі, көрмелер мен концерттік нөмірлер ұйымдастырылды
Өскемен қаласындағы Maxi Mall сауда орталығында Ұлттық киім күні аясында «Біз, біртұтас Қазақстан халқы» атты ұлттық киімдер шеруі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іс-шараға қала тұрғындары, қолөнер шеберлері, дизайнерлер мен өнер ұжымдары қатысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Шеру жарапазанмен басталып, сауда орталығының ішінде ән мен жырға ұласқан ерекше атмосфера қалыптастырды.
Бағдарлама аясында ұлттық киімдер дефилесі, көрмелер мен концерттік нөмірлер ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Ең үздік ұлттық образ» байқауы өтіп, қатысушылар түрлі номинациялар бойынша анықталды.
Шара барысында музей қызметкерлері XIX–XX ғасырларға жататын зергерлік бұйымдар көрмесін ұсынып, келушілерге ұлттық мұраның байлығын таныстырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар ұлттық мәдениетті жаңғыртып, оны кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Наурызнама аясындағы мерекелік іс-шаралар 22 наурызға дейін жалғасады.