Кестеші мұсылман елдерде тұрған танымал мешіттерді, онда да архитектурасы өзіне ұнағанын салады екен
Алматылық Гүлнар Бақытқалиқызы жұмыстан қолы босағанда қолына ине алып, матаға мешіттің сұлбасын салумен айналысады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Түрлі-түсті маржанды ерінбей отырып ине-жіптен өткізіп, оны матаға көмкеріп шыққанға 4-5 ай уақытыңды сарп етесің. Кейбіріне тіпті 7-8 ай жұмсалады», - дейді Гүлнар Әбіш.
Өйткені, жұмыстан қолы қалт еткенде ғана сүйікті ісімен айналысатын көрінеді. Яғни кешке таман немесе демалыс күндері. Маржанмен тізіп қана қоймай, әртүрлі өңді жіппен де тоқиды.
Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Татарстан, Шешенстан дейсіз бе, мұсылман елдерде тұрған танымал мешіттерді, онда да архитектурасы өзіне ұнағанын салады екен. Сәулет өнерін кесте өнеріне айналдырған Гүлнар ханым «Almaty Resort» шипажайының қызметкерлері мен демалып жатқан қонақтарға Меккедегі «Әл-Харам», Ыстанбұлдағы «Сұлтан Ахмет», Дубайдағы «Ақ мешіт», Астанадағы «Хазірет Сұлтан», Қазандағы «Құл Шәриф» секілді қасиетті орындардың тарихын айтып берді.
Президенттің Іс басқармасына қарасты шипажайдың директоры Гүлжанат Бұғыбаева мұндай көрмелерді ұйымдастыра беретінін айтты.
«Өйткені біріншіден, өнерді бағалауымыз керек. Екіншіден, шипажайымыздағы демалушыларымыздың ойына, миына жақсы терапия болады», - дейді Гүлжанат Аманжолқызы.
Ал Гүлнар ханымның ғажап туындылары сатылмайды екен.
«Өзімнің перзенттерімдей болып кеткендіктен сатылмайды», - деп жауап берді Гүлнар.