Қазақстанда соңғы жылдары ерекше қажеттілігі бар жандарды қолдауға бағытталған жобалар саны артып келеді. Мемлекет тарапынан инклюзивті білім беруді дамыту, әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын жүзеге асыру, сондай-ақ параспортты қолдау бағытында түрлі бастамалар қолға алынуда. Сонымен қатар, қоғамда бұл тақырыпқа деген көзқарасты өзгерту мақсатында мәдени және шығармашылық жобалар да маңызды рөл атқарады. Осындай әлеуметтік мәні зор туындылардың бірі, боччашы параспортшылардың өміріне арналған – «Ерекше» фильмі, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Фильмнің тұсаукесерінде ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев:
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда инклюзивті қоғам құруға үлкен мән берілуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолауға президентіміз үнемі назар аударып, тиісті тапсырмалар беріп, осы бағытта соңғы жылдары көптеген жұмыстар атқарылуда. Осы бағыттағы ең үлкен сұрақтардың бірі қоғамның осы мәселеге көзқарасын өзгерту, жаңа ұстанымдарды қалыптастыру, жаңа көзқарастың пайда болуына үлес қосу. Бүгінгі туында осы бағытта үлкен рөл атқарады деп сенеміз», – деген пікір айтты.
Фильмнің негізгі идеясы – ерекше жандардың өмірін көрсету арқылы қоғамдағы стереотиптерді бұзу және инклюзивті мәдениетті қалыптастыру. Туындыда бочча спортымен айналысатын параспортшылардың тағдыры бейнеленіп, олардың табандылығы мен өмірге деген құлшынысы айқын көрінеді. Осы арқылы фильм әр адамның ерекше екенін және кез келген қиындықты жеңуге болатынын жеткізеді. Демек, «ерекшелік» – әлсіздік емес, шексіз күштің өзгеше сипаты.
Осындай маңызды идеяны жеткізуді мақсат еткен фильмнің түсірілім жұмыстары 2025 жылдың қараша айында басталып, Алматы, Астана және Ақтау қалаларында жалғасты. Жоба локацияларының мұндай ауқымды географиясы техникалық және физикалық тұрғыда көп күш жұмсалғанын аңғартады.
Фильмнің жарыққа шығуына бірнеше ұйым қолдау көрсеткен. Атап айтқанда, Қазақстан Бочча федерациясы мен «Tiger Films» продюсерлік компаниясы жобаға белсенді қатысып, ал «Kinopark Group» негізгі демеуші болды. Баса айтатын тағы бір мәлімет Kinopark кинотеатрлар желісіндегі фильм прокатынан түскен барлық қаражат мүгедектігі бар балаларды қолдауға бақытталады.
Фильмнің шынайылығын арттыру мақсатында түсірілімге тек кәсіби актерлер ғана емес, сонымен қатар нақты параспортшылар да тартылған. Бұл көрерменге оқиғаны тереңірек сезінуге жол ашып, туындының әсерін күшейте түсті. Фильмнің бас продюссері Ерлан Бұхарбаев, қоюшы-режиссер Ернар Нұрғалиев, сценарист-редактор Сержан Серікбай. Басты рөлдерде Жасұлан Көпберген, Русул Бауыржан, Ақерке Назарбекова.
19 наурыздан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастаған фмльм көрермендер тарапынан оң баға алуда. Мұндай фильмнің түсірілуі және прокатқа шығуы қоғамдағы өзекті мәселені көтеріп қана қоймай, жалпы халыққа ой салады.
Басты рөлдердің бірін сомдаған актер Жасұлан Көпберген бұл фильм туралы айтқан пікірінде «Өмірде ең мықты адамдар кім десе, мүмкіндігі шектеулі жандар деп айтар едім. Аяқ-қолым бүтін, он екі мүшем сау болса да өмірде ештеңеге ұмтылмаппын, болмашы нәрселерді қиындық санап келіппін», – дей келе фильмнің көрерменге жетуіне үлес қосқан барлық адамға алғыс айтты. Мұндай фильмдердің адамға күш-қуат беретінін, өмірге құштарлығын арттыратынын, осындай сауапты іске үлес қосып, сол команданың бір мүшесі болғанына қатты қуанышты екенін жеткізді.
«Ерекше» фильмі – көркем туынды ғана емес, қоғамдағы маңызды әлеуметтік өзгерістердің бір көрінісі. Ол ерекше қажеттілігі бар жандарға деген көзқарасты өзгертіп, мейірім мен қамқорлық сынды құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді. Мұндай жобалар қоғамның дамуына серпін беріп, әрбір адамды бейжай қалдырмай, ортақ жауапкершілікке шақырады.
Гүлбану ӘНИЯТҚЫЗЫ, көрермен
Жалпы, ерекше балалар туралы фильмдер бізде көп емес сияқты. Деректі фильмдердің түсірілетінін білемін, теледидарда бағдарламалар да жиі көрсетіледі. Бірақ олардың көбі драма ретінде көрсетілген соң, көріп отырып жылайсың, қабылдауға ауыр.
Ал бұл фильмнің ерекшелігі – ішінде юмор өте көп. Яғни, әзіл арқылы, жеңіл түрде көрерменге ерекше жандардың, соның ішінде коляскада отыратын, ДЦП-мен ауыратын адамдардың өмірінің қиындығын, олар көтеріп жүрген жүктің салмағын сезіндіре білген.
Актерлік құрам да өте жақсы таңдалған. Әрқайсысы өз рөлін шынайы әрі әсерлі сомдап шыққан деп ойлаймын. Осындай жеңіл форматтағы фильмдерді көрермен жақсы қабылдайды. Мұндай фильмдер көбейсе, инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға едәуір ықпал етеді деп ойлаймын.
Негізі ерекше жандардың өмірі – өз алдына бөлек бір әлем. Көп адам оны түсінбеуі немесе қабылдамауы мүмкін. Бірақ осы фильмді көргеннен кейін көп адам ойланып, көзқарасын өзгертуі мүмкін. Фильмге паралимпиадашылардың түсуі де өте ұтымды шешім деп ойлаймын.
Өз басым, «бочча» деген спорт түрін бұрын естігенмен, қалай ойналатынын көрмеппін. Осы фильмнен алғаш көріп, таныстым, маған өте қызық болды.
Жалпы, мұндай фильмдер бізде көбірек түсірілуі керек деп есептеймін. Себебі қазір ерекше балалар саны артып келеді. Қоғамның оларға деген көзқарасын жақсарту жолында мұндай фильмдердің маңызы зор.