Жас көрерменнің сұранысын қанағаттандыратын контент қандай?

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстанда балаларға арналған қазақтілді контенттің қалыптасуы мен дамуына серпін берген негізгі алаңдардың бірі – «Balapan» телеарнасы. Орталық Азиядағы алғашқы балалар арнасы ретінде ол тек эфирлік өнім ұсынып қана қоймай, отандық анимация мен балалар контенті өндірісінің драйверіне айналды. Бүгінде мыңдаған мультфильмдер мен бағдарламалар арқылы жас көрерменнің сұранысын қанағаттандырып, цифрлық кеңістікте де миллиондаған аудитория жинаған арна қазақ тіліндегі балалар контентіне деген жоғары сұраныстың бар екенін дәлелдеп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Үкенованың айтуынша, бүгінге дейін көрермен назарына 3168  бөлімнен тұратын 172 мультхикая және 3 толықметрлі мультфильм, 8035 шығарылымды құрайтын 439 телебағдарлама мен 451 сериялы 29 телехикая ұсынылған.  Басты мақсаты да сол,  балаларды отансүйгіштікке баулып қана қоймай, адами құндылықтарды, төл тарихымыз бен мәдениетімізді дәріптеу,  түрлі жанрдағы балалар контентін өндіру.  

«Телеарна өз қызметін бастағалы  кішкентай көрерменнің сұранысын барынша қанағаттандырып келеді. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі көмекші құралына айналған анимациялық жобалар, телехикаялар мен бағдарламаларды жарыққа шығарды. Ұлт тәрбиесінде маңызды рөл атқаратын «Balapan»  өскелең буынның  ана тілінде көркем сөйлеуіне және отандық анимация өнерін жаңа деңгейге көтеруге зор ықпал етіп отыр», – дейді арна директоры Мақпал Үкенова.  

Атап өткен жөн, бүгінде  «Balapan»  телеарнасының цифрлық кеңістіктегі белсенділігі жыл сайын артып келеді.  Нақты айтсақ, 2013 жылы ашылған ресми Youtube каналында  2,6 млн-ға жуық көрермен бар. Бүгінде  жалпы қаралым  саны  1,3 млрд-тан асып, еліміздегі балаларға арналған контент өндіретін Youtubе арналардың арасында көш бастап тұр. Бұл статистикалық деректер қазақтілді балалар контентіне сұраныс жоғары екенін көрсетеді. «Күн сайын тікелей эфирде шығатын хабарлар, әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы да  көрермендердің  пікірі мен ұсыныс-тілектерін біліп, контент өндіру барысында ескеруге тырысамыз.  Телеарана өндіріс барысында ата-аналар мен балалардың талап-тілегінен бөлек, психолог, педагог, этнограф сынды  салалық  мамандардың кәсіби  пікіріне жүгінеді» дейді  арна басшысы.  

«Balapan» телеарнасы 2025 жылдан бастап толықметрлі анимациялық фильмдер өндіруді қолға алғаны белгілі. Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған «Шоқан. Қашқария сапары», шытырман оқиғалы  «Желаяқ», көрермен көзайымына  айналған «Тоқты мен Серке» мультфильмдері үлкен экранға жол тартқанына куәміз.  

Соңғы кездері заманға сай  қазақ халық ертегілерін ЖИ арқылы анимациялап, түрлі тақырыптағы мультфильмдерді әзірлеуді қолға алған. «Қазақстан» РТРК» АҚ жарыққа шығарған «Асыл мұра» аудиожинағына енген 11 ертегі  негізінде мультфильмдер жарыққа шыққан. Бұдан бөлек, мамандық түрлерімен таныстыратын «Біле жүр, балақай!» атты мультипликациялық бағдарламалар топтамасы әзірленіп эфирден көрсетіліпті. Ал алдағы уақытта ЖИ арқылы ғылым және туризм бағытындағы танымдық жобалар әзірленбек.  

«Balapan» телеарнасының бас редакторы Айгерім Балғабаева биылғы жылғы жобалармен де таныстырды.  

«2026 жылы  «Balapan» арнасы 39 бөлімнен тұратын 3 анимациялық сериал, 138 шығарылымды құрайтын 5 бағдарлама және 11 сериялы 1 телехикая өндіруді жоспарлап отыр. Олар достық, оқу-ағарту, тарих, ұлттық салт-дәстүрлер, адал еңбекті насихаттау және экология сияқты өзекті тақырыптарды қамтиды. Атап айтқанда,  тарихи-танымдық «Әл-Фараби», қаржылық сауаттылықты  үйрететін «Теңгетай», қиял-ғажайып жанрдағы «Томирис және сиқырлы әлем 2» анимациялық сериалдары,  ұлттық ойындар сайысынан тұратын «Балалар бәйгесі», танымдық балалар әндерін ұсынатын «БалаBoom»,  көрерменнің зияткерлік қырын ашуға бағытталған «Жас кемеңгер», спорттық әрі ойын-сауық жанрдағы «Жекпе-жек 2», тұңғыш педагог Ы. Алтынсарин шығармаларымен таныстыратын «Кел, балалар, оқылық!» бағдарламалары және спортық-мотивациялық «Чемпион» сериалы өндіріледі деп жоспарлануда», – дейді Айгерім Балғабаева.  

Оның айтуынша, наурыз айынан бастап тарихи-танымдық әрі шытырман оқиғалы «Сұлтан Бейбарыс. Мысыр құпиялары»  анимациялық сериалы,  қиял-ғажайыпқа толы «Жалын Мөлдір 2» мультхикалары,  танымдық мазмұндағы «Менің мекенім 2», «Әлемді таны», «Ағылшын әліппесі 2», музыкалық «Бізбен биле 2!»  бағдарламалары, «Жекпе-жек 2» спорттық телесайысы, және «Әділ ағай» комедиялық телехикаясы эфирден көрсетілді.  Сонымен қатар, 200-ге жуық жас өнерпаз қатысқан  «Наурыз-думан» мерекелік концерті түсірілді. Ал 7 мамыр –  Отан қорғаушылар күніне орай  Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әскери-патриоттық «Шекарашы балақай» мультхикаясы жарыққа шығады деп күтілуде.