Биыл «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі мен «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің құрылғанына 40 жыл. Қазақ мәдениетінің дамуына мол үлес қосқан ансамбльдердің құрылуына биыл туғанына 95 жыл толған, мемлекет қайраткері, этнограф, ҚазКСР Мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібеков ықпал еткен. Хореография училищесін бітірген түлектерден құрылған ансамбль қазақ халық биін насихаттау мақсатында құрылған болатын.
40 жылдық мерейтойын «Алтынай» мен «Адырна» жер жәннаты – Жетісуда, қазіргі Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында бастады. Оның өзіндік сыры бар. Екі ансамбль де алғаш Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның жанынан құрылған еді. Ал Талдықорған қаласы 2001 – 2022 жылдар аралығында Алматы облысының орталығы болды. Қазақ өнерін ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде насихаттаған өнер ұжымдары осы жылдар ішінде Талдықорған қаласында тұрақтап, шығармашылық табыстарға жетті. Сол себепті де мерейтойлық концерт Талдықорған қаласында Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармиониясының ғимаратында басталды.
Концерт шымылдығы қазақ би өнерінің символына айналған Дәурен Әбіровтің «Алтынай» биімен ашылып, көркем қойылымға құрылған би ұлт мәдениетінің сырына үңілдірді. Ал «Адырна» ансамблі орындаған көне күйлерден попурри көрерменді ғасырлар қойнауына жетелеп, қазақ музыка танымының тереңіне бойлатты.
Фото: Бекзат Ағияр
О баста, яғни құрыла сала қазақ биін танытуды мақсат еткен өнер ұжымының репертуары қазақтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрыптарын көрсететін сюжеттік билерге негізделген. Ансамбль құрылғанда Өзбекәлі Жәнібеков Мәскеуден Ольга Голушкевичті шақыртып, қазақтың салт-дәстүрлерінен би қоюды тапсырған. Соның негізінде «Алтынайдың» алғашқы репертуары қалыптасты.
Ольга Голушкевичтен кейін ансамблдің репертуарын байытуға Дәурен Әбіров, Гүлсәуле Орынбаева, Нағима Тайыр, кейінгі жылдары Айгүл Құлбекова т.б. хореографтар өлшеусіз үлес қосты. Осындай балетмейстрлердің арқасында өнер ұжымының шығармашылық бағыты нығайып, бүгінде ансамблдің қорында 100 ден астам би қойылым жинақталған.
Мерейтойлық концерттің ерекшелігі – ұмыт бола бастаған билерді қайта жаңғыртып, қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін көркем би тілімен жеткізу. Концерттегі «Буын биі», «Қалыңдықтың құрбыларымен қоштасуы», «Алқа қотан», «Мереке», «Кербез» билері шындығында көрерменді халқымыздың салт-дәстүрімен, ұмыт бола бастаған билерімен қайта табыстырғандай...
Ансамбльдің негізін қалаған Өзбекәлі Жәнібековтің құрметіне арнайы жазылып, орындалған «Адырна» ансамблінің көркемдік жетекшісі Марат Бердіқұловтың «Кемеңгер» шығармасы да ұлт мәдениетінің жанашырына жасалған тағзым секілді әсер қалдырды. «Алтынайдың» билерін ұдайы сүйемелдеу мақсатында құрылған «Адырна» ансамблі де өзі өмір сүрген 40 жыл ішінде қазақтың төл музыкалық аспаптарын кеңінен насихаттап, домбыра, адырна, қылқобыз, жетіген, сыбызғы, шертер, сазсырнай, шаңқобыз, дабыл секілді ұлттық аспаптардың үнін әуелетіп келеді. Ансамбль мүшелері концерт барысында жеке орындауда өнер көрсетіп, қазақ музыкасының бай мұрасын тағы бір паш етті. Өзі жеңіл, өзі кішкене ғана сазсырнай аспабымен орындалған Сейдолла Байтерековтің «Кішкентай» шығармасы аспаптың өзіне тән ерекше үнін жеткізсе, Жамбыл Жабаевтың келіні Қымбаттың «Екі алуан» әні дәстүрлі ән өнерінің ғажайып сырын көрерменге тағы бір дәлелдеді.
Мың бұралған бишілер қоятын көркем қойылымдардың енді бірі «Үкілі арулар». Ол қазақ халқының би өнерін ғана емес, қазақ халқының қыз балаға деген көзқарасын, оның нәзіктігі мен сұлулығын ерекше қадірлейтінін анық байқатады. Қазақ қызы қандай дегенге толық жауап беретін көркем туынды Орта Азия елдерінде өткен халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Қырық жылдық тарихында «Адырна» мен «Алтынай» қазақ өнерінің сән-салтанатын танытқан алуан туындыны қазақ музыкасы мен би өнерінің алтын қорына қосты. Сонымен қатар, ұлт мәдениетін сақтап, танытып қана қоймай, заманға сай дамытып, түрлендіріп жүр.
Биылғы Жетісу төрінде басталған мерейтой сәуір айында Алматы қаласында, әрі қарай республика аумағында жалғаспақ. Бұл тек Сүйінбай атындағы өнер ұжымының ғана я болмаса екі ансамбльдің ғана емес, күллі қазақ өнерінің мерекесі. Күй күмбірі мен би сымбаты үйлескен өнер ұжымының еңбегі ұрпақ сабақтастығын орнымен сақтай отырып кешеден бүгінге жалғасып келеді.
Концерт халық арасына «Қара жорға» болып кең танылған қазақтың халық биі – буын биінің алғашқы нұсқасымен аяқталды. Негізінен буын қозғалысына құрылған бидің көне нұсқасы қазақтың төл аспаптарының сүйемелдеуімен орындалды. Бұл кейінгі жылдары айтылып жүрген «Қара жорға» қазақтың биі емес деген жаңсақ пікірді сейілтетіні анық.
Осы орайда біздің тілшілеріміз «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің қазіргі көркемдік жетекшісі Бекзат Ағияр мырзаға хабарласып, 40 жылдыққа орай өтетін концерттердің тағы қай қалаларда өтетінін, өнер ұжымының болашақ жоспарын сұрадық.
«Алтынай» мен «Адырна» ансамблдерінің қырық жылдығына, Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына байланысты Алматы облысы мен өзге облыстар арасында меморандум жасалған. Сол меморандум аясында біз Шымкент қаласында, Батыс және Шығыс Қазақстан облысының орталығы мен аудандарында концерт беруді жоспарлап отырмыз. Бағдарлама әр қалада әртүрлі болады, бірақ жалпы бағдарламаның негізгі мақсаты — мұра биді жаңғырту, көне биді қалпына келтіріп, көп уақыттан бері сахналанбаған, биленбеген билерді насихаттау. Қырық жылдыққа арналған негізгі концерт Алматы қаласында өтеді. Оған біз бұрынғы бағдарламаларды да, жаңа бағдарламаларды енгіземіз. Қазір ансамбль құрамында сегіз жігіт және он төрт қыз бар. Болашақ жоспар – ұлттық, сюжеттік билерді дәріптеу, қазақтың әлі суреттелмеген би қойылымдарын сахнаға шығару. Бізде салт-дәстүр өте көп, бірақ олардың көпшілігі әлі де би тіліне түскен жоқ. Сол салт-дәстүрлерді би арқылы көрсету – басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар, билердің музыкасын ұлттық аспаптар оркестрінің орындауында қайта өңдеп, жаңа костюмдер тігуді жоспарлап отырмыз. Заман талабына сай бидің әртүрлі жанрларын репертуарға енгізіп, көрермен сұранысына қарай бағдарламаны жаңартып отыру да маңызды», — деді Бекзат Ағияр.
Бекзат Ағияр алдағы уақытта мюзикл форматында би қойылымдарын қоюды жоспарлағандарын айтты. Оның сөзінше, бұл қойылым дәстүрмен байланыстырылған, адам өмірінің кезеңдерін көрсететін туынды болмақ.
«Халық би ансамблі болғандықтан, билердің ұзақтығы көбіне 3-5 минут шамасында болады. Дегенмен, біз болашақта салт-дәстүрге негізделген, шамамен 40-45 минуттық би қойылымдарын (мюзикл форматында) жоспарлап жүрміз. Бұл қойылымда адам өмірінің кезеңдері би тілімен көрсетіледі: баланың тууы, ат қою, бесікке салу, баланы атқа мінгізу, қыз баланың әшекей тағуы. Кейін олардың ер жетуі, бойжетуі қыз бен жігіттің махаббаты, үйленуі барлығы қамтылады. Яғни, адамның өміріндегі ең маңызды, қуанышты сәттер толық би арқылы суреттеледі. Бұл – біздің жоспарымыздағы ең үлкен іс-шаралардың бірі. Қазір соған дайындықты бастап кеттік, бұйырса, осы жылдың күз айларына дейін жүзеге асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір әлеуметтік желі еңбекті көрсету мен насихаттаудың негізгі құралы болып тұр ғой. Сол себепті біз Instagram, Facebook сияқты парақшалар арқылы би өнерінің қыр-сырын дәріптеп, насихаттап келеміз. Қазір бидің тіліне, әсіресе халық биіне, ұлттық биге жоғары деңгейде назар аударылып жүр деп айта алмаймыз. Сол олқылықтың орнын толтыру жолында, халқымызда осындай би бар екенін көрсету, дәстүрлерімізді бидің тілімен жеткізу мақсатында YouTube арнамызға да арнайы түсірілген билерді жариялап жүрміз», — деді Бекзат Ағияр.
Алдағы көктем-жаз айларында табиғат аясында ансамбльдің репертуарындағы мұра билердің барлығын қайта бейнетаспаға түсіріп, оларды телеарналар мен түрлі платформалар арқылы тарату жоспарланып отыр. Бұл материалдарды оқу орындарына көрсету де көзделуде.
«Біздің мақсат — тек еліміздің ішінде ғана емес, ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді би тілі арқылы өзге елдерге таныстыру. Сол үшін шетелдік ансамбльдермен байланыс орнатып, ынтымақтастықты дамытудамыз. Өйткені би тілі — әлемдегі ең ортақ, түсінікті тілдердің бірі. Ән мен музыка арқылы кейбір дүниелерді жеткізу қиын болса, би арқылы көрсетілген көріністі кез келген адам тез түсінеді. Сол себепті тұсаукесер, киіз басу, қыз ұзату, сыңсу, көкпар, қыз қуу, теңге ілу, ұршық иіру, қамшы ұстау, бәйге, күрес сияқты салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындарды би тілімен бейнелеу – біздің басты бағыттарымыздың бірі. Бұл жұмысты қолға алудың басты себебі — қазір кейбір адамдар «қазақта би болмаған» деген қате пікірлерге бой алдырып жүр. Бұл мәселе туралы кезінде Өзбекәлі Жәнібеков атамыз нақты жауап бергеніне қарамастан, мұндай теріс түсініктер әлі де айтылып жүр. Сондықтан келер ұрпаққа би өнеріміздің бар екенін, бидің тілі өте бай әрі мазмұнды екенін жеткізу — біздің міндетіміз. Әсіресе жас буынға, мектеп оқушыларына бұл дүниені түсіндіру маңызды. Алдағы уақытта мектептерге барып, шеберлік сабақтарын өткізу жоспарымызда бар. Сол арқылы оқушыларға өзіміздің салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, тарихымызды және репертуардағы билерді көрсетіп, бидің маңыздылығын түсіндіреміз», — деді Бекзат Ағияр.
Қырық жыл ішінде «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі мен «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамблі қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып, ұлттық бидің сахналық үлгісін қалыптастырған жетекші шығармашылық ұжымға айналды. Осы кезеңде ансамбльдер репертуары жүзден астам би және музыкалық қойылымдармен толықты. Олардың әрқайсысы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, дүниетанымын көркем тілмен жеткізетін бірегей туындылар ретінде бағаланады. Бұл үрдіс олардың тек орындаушы ғана емес, ұлттық мәдениетті дамытушы орталыққа айналғанын көрсетеді.
Ансамбльдердің шығармашылық жолындағы маңызды жетістіктердің бірі – ұлттық өнерді халықаралық деңгейде таныта білуі. «Алтынай» мен «Адырна» ұжымдары әр жылдары Еуропа, Азия және ТМД елдерінде өткен халықаралық фестивальдер мен мәдени іс-шараларға қатысып, қазақ биі мен музыкасының өзіндік болмысын шетел көрерменіне таныстырды. Бұл сапарлар тек концерттік қызметпен шектелмей, мәдени диалог орнатуға, ұлттық өнердің әмбебап тіл екенін дәлелдеуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде ансамбльдер халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, кәсіби шеберлігімен танылды.
Қорыта айтқанда, «Алтынай» мен «Адырна» ансамбльдерінің қырық жылдық шығармашылық жолы – қазақ өнерінің сабақтастығы мен өміршеңдігінің айқын көрінісі. Олар өткен мен бүгінді жалғап қана қоймай, ұлттық би мен музыканың болашақтағы даму бағытын айқындап келе жатқан маңызды мәдени институт ретінде бағаланады.