Ресейдің Қазақстан театрларына қаржылай көмектесуі заңды ма: Министр Оралов не дейді

Qaz365.kz редакциясы

Басқарма бастығының орынбасары әр мекемеге ең заманауи дыбыстық театр жабдықтарын сатып алу үшін бес миллион рубль (27 миллион теңге) бөлінетінін атап өткен болатын

Фото: primeminister.kz

Бұған дейін Ресей алғаш рет Қазақстандағы орыс театрларына қаржылай көмек көрсететінін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған. Бұл қаншалықты заңды екенін Qaz365.kz тілшісі Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтан сұрап көрді.

Ресей тарапы Қазақстанның үш театрына қаржылай көмек көрсететін РФ Мәдениет министрінің орынбасары Алла Манилова айтқан. Оның сөзінше, тізімге Ақмола облыстық орыс драма театры, Қарағанды облыстық К.Станиславский атындағы драма театры және М.Лермонтов атындағы республикалық драма театры енген.


«Биыл президент шешімінің арқасында ТМД елдеріндегі орыс театрларына тікелей қаржылық қолдау көрсетеміз»,— деді Манилова Федерация Кеңесі мен ҚР Парламенті Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысында.


Басқарма бастығының орынбасары әр мекемеге ең заманауи дыбыстық театр жабдықтарын сатып алу үшін бес миллион рубль (27 миллион теңге) бөлінетінін атап өткен болатын.
Алдымен, осының заңды-заңсыздығын Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен сұрап көргенбіз.


«Қаражат гастрольдер, мастер-класстар өткізілген жағдайда жұмсалуы мүмкін. Шығындар туралы шешімді театр басшылары қабылдайды», - деген екіұшты жауап келді.


Сұрақты кейін Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловқа қоюға тура келді.


«Бұл ақпаратты біз алдық. Қаншалықты рас екенін тексеріп жатырмыз. Өйткені ресми түрде бізге әлі ондай ұсыныс түскен жоқ», - дейді Оралов үкімет кеңесінен кейін берген жауабында.