Глеб Пономарев: «Қазақстан 10-12 жылда қазақ тіліне толықтай көшеді»

Qaz365.kz редакциясы

Полиглот тіл үйренудің ең тиімді жолын айтып берді

Instagram / GlebPonomarevKZ

«Қазақстан 10-12 жылда қазақ тіліне толықтай көшеді». Бұл туралы публицист, PR маман әрі блогер Глеб Пономарев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әлеуметтік желіде бейнесі желдей ескен, қазақстандық публицист, PR маман әрі блогер, қазақ тілін үйрену туралы айтудан әсте жалықпайтын Глеб Пономаревті біреу білсе, біреу білмес. Ең қызығы, мектепте қазақша сөйлеп, қазақ тілінен бестік баға алған ол кейін қарапайым сөйлемді айта алмаған. Полиглот тіл үйренудің ең тиімді жолын айтып берді.

Глеб, қазақ тілін үйренуді неден бастау керек? Қандай да бір әдіс, әдебиет, подкаст, қосымша ұсына аласыз ба?

Кез келген тілді үйренуде грамматика мен сөздік қор маңызды. Бұл бізге мектептен беріледі. Одан кейін бәрі адамның өз қолында. Мысалы, мен түрлі әдебиетті үйіп алып, өз бетінше үйренуді бастадым. Ол кезде қазақ тіліндегі кітап жоқтың қасы еді. Қазір бұл әлдеқайда жеңіл: хикая, подкаст, музыка жетіп артылады. Бұған курсты қосыңыз. 

Тілді жетік меңгеру үшін үнемі сөйлеу керек. Ең әуелі тым болмаса, «Сәлеметсіз бе, рақмет, сау болыңыз» деген сияқты қарапайым сөз тіркесін айтып үйрену қажет. Уақыт өткен сайын сөздік қорыңыз толыға бастайды. Ең құрығында бір-екі сөз тіркесті жаттаңыз! Бұл ауызекі тілде сөйлеуге деген алғашқы қадам.

Тіл үйренудегі ең басты нәрсе - тәжірибе. Көпшілік сөйлеуге ұялады, әуелі грамматика үйреніп, сөздік қорымды кеңейтейін, содан кейін қатесіз сөйлеймін деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс емес. Тіл үйренуде қателесу қалыпты жағдай. Сөйлеу керек. Қателікте тұрған ештеңе жоқ. Есесіне есте сақтайсыз. 

Жыл сайын қазақ тілінде сапалы контенттердің пайда болып келе жатқанына өте қуаныштымын. Хикая, подкаст, фильм т.б. Мысалы, мен үнемі Ғалымжан Молданазарды тыңдаймын. Ал одан кейін қазақ тілінде сапалы музыка тудырған ондаған талантты бала пайда болды. Егер 10 жыл бұрын материалдың жетіспеуіне байланысты тіл үйрену қиын десек, қазір соның бәрі артта қалды. Барлығы өз қолыңызда, бастысы ниет!

Қазақ тілін үйренушілер алғаш рет қандай басты қиындыққа тап болып отыр? Алған білімді бекітіп, тіл үйренуді не тежейді?

Мен мектепте 11 жыл қазақ тілін оқыдым. Бірақ бізді тілге емес, филологияға үйретті. Біз етістік пен септікті жаттап алдық, бірақ бізге оларды қалай пайдалану керектігін көрсетпеді. Бізді өлең мен мәтін жаттауға мәжбүрледі, тек аудармасын бермеді. Өкінішке қарай, бұл тіл үйренуге деген қызығушылықты арттыра алмады. Қазақ тілінде мен жақсы сөйледім, сол үшін ылғи 5 алатынмын. Бірақ мектеп бітіргеннен соң «есікті жаппым» деген сияқты қарапайым сөз тіркесін құрастыра алмадым. 90-шы жылдары қазақ тілін оқыту — ең үлкен саботаж екенін айтудан жалыққан емеспін. Қазір қазақ тілін үйрету жақсара түсті. Бірақ оқыту әдістерін үнемі жетілдіріп отыру керек деп санаймын. Балаларды қызықтыра білу керек. Сонда нәтиже болады. Құдай қаласа, солай болады.

Тіл үйренгісі келетіндер көбеюі үшін қоғамда, мемлекеттік деңгейде қандай өзгерістер қажет?

Өзгеріс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Халықтың қазақ тілін үйреніп жатқанын көріп жүрмін. Тіпті, бұрын тілге қызықпағандар курсқа жазылған. Бұл табиғи құбылыс. Бұл үрдіс былтырғы Қаңтар мен Украинадағы соғыстан кейін айтарлықтай байқалды. Бізді ұлттық идея, бірлік және болашаққа деген көзқарас біріктірді. Болжамым бойынша, Қазақстан 10-12 жылда қазақ тіліне толығымен көшеді. Үштілділік саясаты екі тілділікке айналады: қазақ және ағылшын. Орыс тілі күнделікті қарым-қатынас үшін қалады. 

Қоғам сіздің тілді меңгеруіңізді қалай қабылдайды? Қатеңді көрсетіп, түзетіп, кейде күлетін кезі бола ма?

Қателігі үшін мазақтағандықтан, бірнеше досым тіл үйренуді тастап кетті. Әрине, бұл өте өкінішті. Адамға қолдау қажет. Екпін немесе қателік үшін келеке қылу күйзеліске апарып, оқуға деген құлшынысын жояды. Бірақ өз басым мұндайды кездестірмедім, керісінше қолдауды көремін. Қызығушылық та бар. Қазақ тілінде сөйлей бастасам, маған жымиып, орыс тілінде жауап береді. Егер әрі қарай қазақша сөйлей берсем ғана әңгімелесуші де қазақ тіліне көшеді.

Қазақ тіліндегі ең сүйікті сөзіңіз?

Бәсе!, өзінше. Жалпы, мен басқа тілде баламасы жоқ сөздерді өте жақсы көремін. Бұл адамның ойлау қабілетін арттырады.

Дереккөз: esquire.kz

Тағы оқыңыз: Қырғызстанда енді мемлекеттік мекемелер бүкіл жерде қырғыз тілінде сөйлеуге тиіс