Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл
Биыл қазақ күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл. Осыған орай, Ресейдің Астрахань облысының домбырашылары Атырау аймағына музыкалық челлендж жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
Ресейлік домбырашылар Құрманғазы кесенесінің алдында композитордың “Адай” күйін орындаған. Олардың арасында ересектер де, балалар да бар.
«Биыл қазақтың ұлы композиторы, күйші, домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойын атап өтеміз. Осыған орай, біз, Астрахань облысының домбырашылары, Атырау облысына челлендж жолдаймыз», – дейді Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығының директоры Амангелді Әбілғазиев.
Қазақ жерінде кіндік қаны тамған ұлы күйші Ресей Федерациясындағы Алтынжар ауылында жерленген. Бұл ауыл Астрахань облысының Володар ауданында орналасқан.
«Алтынжар ауылында 2005 жылы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталық ашылды. Қазір аталған орталық Астрахань облысындағы маңызды мәдени және танымал туристік нысандардың біріне айналды. Біздің орталыққа алыс-жақын шетелдерден жыл сайын мыңға жуық адам келеді. Туристерге Құрманғазы Сағырбайұлының, онымен замандас болған қазақтардың өмірі туралы мағлұмат береміз. Орталықта ұлы күйшінің шығармашылығы, өмірі туралы сыр шертетін экспонаттар қойылған музей мен туристер үшін қонақүй жұмыс істеп тұр. Мұнда Самал» қазақ музыкалық ансамблі мен «Белый город» орыс музыкалық ансамблінде 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Дені – қандастарымыз, арасында 25 домбырашы бар», - дейді Амангелді Әбілғазиев.