"Шелек шабытты құртады" - жастар қозғалысынан кейін «Шабыттың» шатыры жөнделетін болды

Qaz365.kz редакциясы

Акцияларға Мәдениет және спорт министрлігі назар аударды

Видеодан кадр

Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ұлттық өнер университетінің ғимаратын жөндеуге қосымша 530 миллион теңгеден астам қаражат бөлуі мүмкін, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Бұған дейін «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысы Қазақ ұлттық өнер университетінің ғимаратының шатырындағы ақауды әжуалап, бірнеше акция өткізгенін жазған едік.

Сол акцияларға Мәдениет және спорт министрлігі назар аударып, мәселені шешуге кіріскен.

 

«Бүгін бізге қоғамдық науқанның арқасында мәселе шешімін табуға бет алғаны белгілі болды. Мәдениет министрлігі жақын арада ҚазҰӨУ ғимаратын жөндеу және қайта жаңарту үшін қосымша 530 миллионнан астам қаражат бөлетін болады. Енді “Шабыттың” студенттері жайлы жағдайда білім ала алады. Бұл ақпараттың ресми расталуын күтеміз және тағы бір азаматтық науқанымыздың сәтті аяқталуын атап өтуге дайындалып жатырмыз. Бізге қиын жағдайда көмектескен әрбір қазақстандыққа, “Шабыт” мәселесі туралы ақпаратты әлеуметтік желілерде қолдап, таратқандардың барлығына шын жүректен алғыс айтамыз. Нәтижеге бірге қол жеткізе аламыз», - дейді қозғалыс белсендісі Әлихан Сәрсенов.

Айта кетейік, 9 наурызда «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысының белсенділері бірге әлеуметтік желілер мен БАҚ-та еліміздің басты мәдени жоғары оқу орнындағы күрделі мәселе туралы мәлімдеген болатын. Жаңбыр жауса, КазҰӨУ-де шатырдан су ағады. Жағдайдың күрделілігі соншалық, “Шабыт” басшылығы бүкіл ғимаратқа жаңбыр мен еріген суды жинайтын жүздеген шелектерді орналастыруға мәжбүр.