Адамзатқа ортақ мәселелерді көтерген туындылар керек: Тоқаев Жазушылар одағына хат жолдады

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, ұлттың өсіп өркендеуі үшін ең алдымен әдебиеті дамуы керек

Коллаж: Qaz365.kz

Бүгін Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының XVI құрылтайы өтіп жатыр. Алдымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан  Қыдырәлі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Жазушылар одағы - қазақ руханиятының қара шаңырағы. Ұлт зиялыларының басын қосқан бірегей құрылым. Шын мәнінде мәнінде қазіргі замандағы қазақ әдебиеті қаламгерлерінің қарашаңырақ ордасын бөліп жару мүмкін емес. Ғасырға жуық тарихы бар ұйымда төл  мәдениетіміздің дамуына ерекше еңбек сіңірген біртуар тұлғаларымыздың ізін  жаңа толқын лайықты жалғастырып келеді. Әдебиет – ұлттың айнасы. Мұнда халқымыздың жан-дүниесі, болмысы толық толысқан», - делінген Тоқаев жолдаған хатта.

Оның айтуынша, ұлттың өсіп өркендеуі үшін ең алдымен әдебиеті дамуы керек. Төл әдебиетімізді заман талабына сай жаңғыртып, көкиежиегін кеңейту – маңызды міндет.

«Осы орайда, адамзатқа ортақ мәселелерді көтерген кесек туындылардың қажет екені түсінікті. Мұндай шығармаларды дүниеге әкелуге ақын-жазушыларымыздың қарым-қабілеті әбден жетеді деп ойлаймын. Қалам – киелі құндылық. Сөз құдыреті халықты ыдырата да, біріктіре де алады. Біз жаһандану дәурінде жұтылып кетпей, ұлт ретінде сақталудың қамын ойлауымыз қажет. Сондықтан барша қаламгерлеріміздің бірлікті ту етіп, ел мүддесі жолында адал қызмет етуі маңызды», - делінген хатта. 

Айта кетейік, құрылтайға одаққа мүше 970 адамның 525-і келген.