Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының XVI құрылтайы өтіп жатыр
Ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса әлеуметтік желіде Жазушылар одағы кімге керек дегендерге қарсы шығу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Одақ жазушыларға керек. Одақ жазушылармен бірге қалың қауымға керек. Құрылтай өтіп жатқан ғимаратымызға қарама-қарсы жерде ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікті жариялаған Жоғары кеңестің, Үкіметтің ғимараты тұр. 30 жылдың ішінде талай жерлер ойына келгенді істегендердің қолында кетті. Енді Жазушылар одағының ғимаратын көздің қарашығандай қорғауға тиіспіз. Сол үшін де одақ керек», – деді Қазыбек Иса.
Айта кетейік, бүгін Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының XVI құрылтайы өтіп жатыр. Жиында ақын Ұлықбек Есдәулет жаңа қызметке ауысуына байланысты төрағалықтан бас тартып, сайлауға түспейтінін жеткізді.
Жиынға Қазақстан Жазушылар одағының 525 делегаты, арнайы шақырылған қонақтар, БАҚ өкілдері қатысып жатыр. Қазіргі таңда Жазушылар одағының жалпы мүшесі 970-ке таяған.