Қылқалам шебері Аңсаған Мұстафамен сұхбат
Қоғамның әлеуметтік шындығын бейнелейтін суретші-иллюстратор Аңсаған Мұстафаның Астана қаласында “Сөйле, сурет!” атты көрмесі болып өтті, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі.
Сурет көрмесі Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. Көрменің ашылу салтанатында суретшіге ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы құттықтап, жұмысына табыс тіледі .
Аңсағанның суреттері әсіресе әлеуметтік желілерде кеңінен таралған. Тіпті шетелдерде де мойындалып үлгірген. Мұнда ана мен бала, ұрпақ тәрбиесі, отбасындағы зорлық-зомбылық, ішімдік, жасанды түсік сияқты әлеуметтік саладағы өзге де түйткілдер бейнеленген. Көрмеге автордың 50-ге жуық туындысы қойылған.
Астанадағы меншікті тілшіміз Дина Әділдің қылқалам шеберімен болған сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
— Суреттеріңіз қалай танылды?
— 2000 жылдардың басында фейсбук әлеуметтік желісі танымал болған кезде “Мамам мені өлтіретін шығар” суретін желіге жариялаған болатынмын. Сол сурет ғаламторда тарап, танылып кетті. Суреттерім желі қолданушыларының көңілінен шыққаны қуантып, шығармашылығымда серпіліс пайда болды.
— Алғашқы суретіңіз есіңізде ме?
— Әлеуметтік тақырыптағы ең алғашқы суретімді 15 жасымда салдым. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деп аталады. Онда темекі тұқылы мен бос шөлмектердің қасында отырған бала бейнеленген. Мұндай жағдайда өскен баладан қандай болашақ күтуге болады?!
— Тақырыпты қалай таңдайсыз?
— Суреттерім елімізде ғана емес, әлемде де өзекті болып жатқан қоғамның проблемаларын бейнелейді екен. Мысалы, отбасы тақырыбындағы иллюстрацияларым Бразилияда кеңінен танымалдыққа ие болды. Олардың да экономикалық жағдайы, жалпы халқының көңіл-күйі біздікіне ұқсас екен. Сондықтан болар, олар мені құдды бір өздерінің суретшілері сияқты көреді. Ал суреттердің тақырыбына келер болсақ, журналист достарым өте көп. Солардың көтерген мәселелерінен, жазған мақалаларынан идеялар келіп, оны суретке айналдырамын. Ал тақырып таңдаудан қиналған кезде “Тақырып қойыңыз” деп әлеуметтік желіге жариялаймын.
— Бір суретті салуға қанша уақыт кетеді?
— Сурет ойымда идея күйінде көп жүреді. Ал оны қағаз бетіне түсіруге бір сағат қана кетеді.
— Суреттеріңіз арқылы ақша табасыз ба?
— Әлеуметтік тақырыптардағы суреттерімнен ешқандай ақша тауып жатқан жоқпын. Пайданы әртүрлі принттер бейнеленген футболкаларды шығару арқылы табамын.
— Жас суретшілерге кеңесіңіз?
— Тек суретшілерге емес, барлығына бірдей еңбектену керек. Сурет салса да, жүгірсе де, жүзсе де тек қана күнделікті еңбекпен ғана жетістікке жетуге болады деп ойлаймын. Бір адам он мың сағат еңбектенсе ғана, сол кезде профессионал болады дейді.
— Сұхбатыңызға көп рахмет. Сізге шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан: Дина Әділ, “Qaz365.kz” ақпараттық агенттігінің Астана қаласындағы меншікті тілшісі