Қазақ тілінде 20 жаңа мультфильм жарыққа шығады

Qaz365.kz редакциясы

Отандық мультипликаторлар 5 минуттық анимациялық картиналардан тұратын 20 пилоттық жобаны аяқтады

фото: inform.kz

 ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды qaz365.kz

Қазақстандық анимацияға биыл 55 жыл толды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі (ШБ) ашылып, қазақ мультипликациясының жұмысы қайта жанданды. Бүгінгі таңда «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі конкурстық негізде республиканың ірі қалаларынан мәлімделген 167 сценарий ішінен үздік 20-сын таңдап, 5 минуттық анимациялық картиналардан тұратын 20 пилоттық жобаны аяқтап үлгерді.

«2022 жыл ұлттық анимациялық кино өнері үшін айтулы жыл болды. Себебі биыл қазақ анимациялық кино өнеріне 55 жыл толды. Анимация саласы майталмандарының талай жылдан бергі арманы орындалып, Шәкен атамыздың атындағы «Қазақфильм» киноностудиясы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі жаңадан жасақталып, қайта құрылды. 1967 жылы қазақ мультипликациясының негізін қалаушы, режиссер Әмен Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты тұңғыш фильмінен бастау алған Қазақ анимациялық кино өнері еліміздің келешегі жас ұрпаққа жарты ғасырдан астам уақыт бойы толассыз қызмет етумен келеді», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

«Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жұмысы басталғалы үш ай ішінде анимация саласындағы әлемнің жетекші мамандарынан шеберлік сыныптары өткізілді. Оқу бағдарламасы барысында 300-ден аса студенттер мен жоба қатысушылары шетелдік және қазақстандық мамандардың дәрістері мен практикалық сабақтарына қатысып, кәсіби тәжірибелерін шындады.