"Мен Малаламын": бестселлер кітап қазақ тілінде жарық көрді

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы “Mazmundama” жобасының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан мәлімдеді

Facebook / Shyngys Muqan

Малала Юсуфзай мен Кристина Ләмбтің “Мен Малаламын” бестселлер кітабы қазақ тілінде жарық көрді. Бұл туралы “Mazmundama” жобасының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

 “Сүйінші! Жаңа кітап!

ТӘЛІПТЕРГЕ БІЗДІҢ ЖАУАБЫМЫЗ — “МЕН МАЛАЛАМЫН”

Тәліптер елге келіп, іскерлік әңгіме-дүкен құрыпты. Құрсын! Орталық Азиядағы халқы көп ел. Ауған тыныш болса, аймақ тыныш!

Тәліптердің ұйымын террористік деп танып, бірақ төрге шығарып қонақ етуді саяси екіжүзділік немесе мемлекеттік принципсіздік емес, дипломатиялық қажеттілік деп тапсақ та, шарабар киіп, шәлі оранып жүрген кешегі тәліби топ күні кешеге дейін тау-тасты сағалап атысып, бейбіт халыққа қиянат көрсетіп, қан төгіп, қару кезеніп әйел затына зорлық көрсетіп жүргендер емес пе еді?..” – деп жазды ол.

Көзің жетпей, дәлелің болмай, пікір пішуге болмайтынын білсем де, Жумангариннің жанында жүрген тәліптерге көзім түскенде қайсысы қанша жазықсыз жанды жантайтты екен деген ой еркісіз есімнен шықпай қойды.

Оған себеп, бәлкім, біз аударып шығарған пәкістандық Малала Юсуфзайдың кітабы шығар, ауған Халед Хоссейнидің кітаптары шығар, білмедім. Екі кітап та тәліптер салған ойранды суреттейді. Жаның түршігеді.

Сонымен, айтпағым, Ауғанға бізден не керек екенін білмедім, бірақ олардан бізге қазіргі дүниетанымы мен діни идеологиясы тегін келсе де керек емес. Ондайға бүйрегі бұрып жүргендер бізде де жетеді.

P.S. Осыдан 1,5 жыл бұрын бастаған кітабымыз тәліптер келген күні баспаханадан шығып, қолымызға тигені бекер емес”, – деп жазды ол.