"Президентіміз театрға келді, енді айтысты тамашаласын"
«Assyltas» арнасындағы подкастқа қонаққа келген айтыскер ақын Қазірет Бердіхан желтоқсан айында өтетін «Алтын домбыра» айтысына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты шақырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Менде мынандай ұсыныс бар: Драматург Думан Рамазанның Астанада «Жошы хан» туралы пьесасы сахналаған кезде Президент келді. Қасым-Жомарт Тоқаев риза болып, сол театрға ұлттық деген статусын беретінін айтты. Енді қазақтың төл өнері айтысқа да мемлекет басшысы келуі керек. Бір-екі сағат отырып тыңдағаны жөн. Кезінде Абылай хан да қасында Төле, Қазыбек, Әйтеке билерден бөлек, батырлар мен ақындарын да жинаған. Солардың жырын тыңдаған», - дейді Қазірет Бердіхан.
Ол жыл соңында «Алтын домбыра» атты қорытынды айтыс өтетінін, Қасым-Жомарт Тоқаевты соған шақыратынын айтты.
«Президентіміз театрға келді, енді айтысты тамашаласын. Айтыс деген – біздің дала театрымыз. Айтыскерлер үшін керек емес. Президент айтыс көрсе, насихаты артар еді. Облыстық айтысқа әкімдердің де келуі жиілейді. Қаржылай жағының шешілуіне сеп болады», - дейді айтыскер ақын.